$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл жерден кеткіміз келеді»: елордада Орталық базардан тағы да шу шықты

Базар басшылығымен айтысып, қызылкеңірдек болған саудагерлер енді қалайда бұл жерден тауарын алып, басқа жаққа көшудің қамына кіріспек.
фото: liter.kz
фото: liter.kz

Елордада орталық базар саудагерлері өре түрегелді. Айтуларынша, базар басшылығы әрқайсысының мойнына миллионға дейін төлем іліп қойған. Коммуналдық ақысы мен жалға алу ақысын төлеп келген олар енді бұл қосымша ақыны төлеуге мүлдем құлықсыз. Бұл шартқа келіспей, базардан кетіп қалайын десе, дүңгіршектерін жауып, құлыптап тастаған. Ал базар басшылығы «мәселені түсінбей жүр» деп, саудагерлердің өзін айыптайды. Екі жақтың айтыс-тартысы бір-бірін жағадан алуға дейін барды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Орталық базардың саудагерлері бүгін сауда жайын былай қойып, басшылардың кеңсесі жанына жиылған. Алған беті қатты.

«Үш айға бізден жұмыс істемеген уақытқа сұрап жатыр. Ол 100 шаршы метрге 100 мың теңге жалға алу ақшасымен бірдей. Екінші мәселе, біздің бұл жерден кеткіміз келеді. Бірақ, бізден кетуге жалға алу ақшасын сұрап жатыр. Екі айға төлеуіміз керек», - дейді саудагер Ақару Айтілеу.

Басшылықтың талабымен келіспегендер жүгін жинап кетіп қалайын десе, ешкім оңайлықпен жібере қоймайды. Тіпті, ішке кіруге де біраз жаға жыртысуға тура келді.

«Мен тауарымды шығарып кетейін. Өйткені, 5-6 ауруханаға қаралуым керек қой. Сіз коммуналдық қызметті төлейсіз, сонан кейін рұқсат береміз деді. Мен төледім. Бірақ, ол кісілер қағаз жазып бергенде мені қанағатсыздандырып отыр. Міне, сізде 677 429 қарызыңыз бар дейді. Бұл қарызды қай жақтан тапты?» - деп ашынды саудагер Дина Ибрагимова.

Бүгінге дейін бір байламға келе алмаған соң, барлығы жиылып, базар басшысын сыртқа шақырып, айғайға басып тұрып алды. Базардағы даудың даусы қатты шыға бастағаны сол еді, аудан әкімдігінің бір өкілі пайда бола кетті. Келуін келгенімен, жағдай неліктен бұлай ушығып кеткенін түсініп жүргені шамалы. Есік алдындағы айғай басылмаған соң, базар басшысы да іштен шықты. Басшылықтың түсіндіруінше, өзгерген ештеңе жоқ. Тек базар жабық болған карантин уақытында дезинфекция жүргізуге, күзетшілерге ақы төлеуге, тазалығын сақтауға біраз шығындалыпты. Оны «эксплуатациялық шығын» дейді екен. Соны әр саудагерден өндіріп алмақшы.

«Қазір ешкімді «бірден төле» деп қинап жатқан жоқпыз. Жағдайлары көтермейтінін түсінеміз. Оның үстіне карантин тағы қайталануы да мүмкін. Сол үшін елдегі жағдай әбден тұрақталғанын күтеміз. Сөйтіп, жалға алушылар ол ақшаны саудасын жүргізіп алғаннан кейін төлесе де болады», - дейді Орталық базар басшысы Алексей Чуев.

Тағы оқи отырыңыз: «1,5 айға төлегенбіз, ақшасы әлі ақталған жоқ»: Елордада орталық базар сатушылары наразылыққа шықты

«Адам сияқты жауап беріп жатқан ешкім жоқ»: Нұр-Сұлтанда орталық базар саудагерлері бас көтерді

Базар басшылығымен айтысып, қызылкеңірдек болған саудагерлер енді қалайда бұл жерден тауарын алып, басқа жаққа көшудің қамына кіріспек. Ал базар басшысының айтуынша, дау шығарып жүргендер осындағы бүкіл саудагердің 20 пайызынан аспайды. «Кетем десе, өз еркі, тек барлығы келісім-шартқа сай болуы керек» деп отыр. Ал келісім-шарт бойынша, әр саудагер бір ай алдын ала ескертуі керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары