$ 494.87  520.65  4.91

«9 ай бойы зейнетақы және медициналық төлемдерді ала алмай отырмыз» - Semey Bus қызметкерлері

«Біз Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінен Семей қаласы мемлекеттік кірістер комитеті мен прокуратурасы әрекетінің заңдылығын тексеруді сұраймыз», - дейді автопарк қызметкерлері кәсіподағының жетекшісі Наталья Борисевич.

Semey Bus автопаркінің қызметкерлері Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінен Семей қаласы мемлекеттік кірістер комитеті мен прокуратурасының әрекетін тексеруді сұрап отыр.

«Тоғыз ай бойы әділеттілікке қол жеткізе алмай, өзімізге тиесілі зейнетақы және медициналық төлемдерді ала алмай отырмыз. Осы уақыт аралығында 50-ге жуық арыз жаздық, ондаған шеру өткіздік. Шеру кезінде жүздеген адамды қабылдады, бірақ, мемлекеттік органдар мораторийді желеу етіп біздің арыздарымызды қарастырмай отыр. Осыған орай, біз Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінен Семей қаласы мемлекеттік кірістер комитеті мен прокуратурасы әрекетінің заңдылығын тексеруді сұраймыз», - дейді автопарк қызметкерлері кәсіподағының жетекшісі Наталья Борисевич.

Бір күн бұрын автопарк қызметкерлері прокуратура мен мемлекеттік кірістер комитетінен жауап алды. Олар «Semey Bus автопаркі – шағын бизнесті тексеру мораторийіне жататын микромекеме» деп, оны тексеруден бас тартты. Бұл мәлімдеме Ұлттық экономика министрлігінің сайтындағы ақпаратқа қайшы. Онда Semey Bus ірі мекеме деп көрсетілген. Сондай-ақ, ол – қаладағы ең автопарктердің бірі.

Автопарк қалалық прокуратураға жүгініп, комитеттің жұмыс берушінің мүддесіне жұмыс істеп отырмағанын тексеруді талап еткен. Мекеме сайтында Semey Bus автопаркінің зейнетақы және медициналық төлемдер бойынша қарызы жоқ деп көрсетілген. Осыған дейін компанияның 200 миллион теңге шамасында қарызы болған. Автопарк қызметкерлері төлемдерді алмағанын, сайттағы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің әрекетсіздігіне шағым түскенмен, Семей прокуратурасы тексеруге негіз жоқ дейді.

«Құрметті прокуратура өкілдері, сіздер бізге өтінішті елдің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне орны толмас зиян келтірілгенде, сондай-ақ, адамдардың топ болып құқығы бұзылған жағдайда қарастырамыз дедіңіздер. Біздің жағдайымыз бұған жатпай ма? Не айтып тұрғандарыңызды түсінесіздер ме? Жүздеген адамның құқығының бұзылуы және мемлекеттік органдардың осы мекеменің мүддесін қорғауы сіздердің құзыреттеріңізге кірмей ме сонда?» – деді кәсіподақ жетекшісі Борисевич.

Автопарк қызметкерлері компанияның еңбек құқықтарын жүйелі түрде бұзып отырғанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, компания тиесілі жалақыны не кешіктіріп, не ұстап қалып отырады және міндетті төлемдерді аудармайды. Олар бірнеше рет қарсылық акциясын өткізіп, шеру ұйымдастырған. Сонда медициналық төлемдердің жасалмауынан дәрігердің қабылдауына бара алмай отырғандарын, ал зейнетақы төлемдерінің аударылмауынан карантин кезінде мемлекеттік жәрдемақыны ала алмағандарын айтады.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келе жатқан Semey Bus автопаркінің 49 пайызы Семей қаласының әкімдігіне, 51 пайызы «Семей» автобус паркі» компаниясына тиесілі.

Осыған дейін мекемені тексеруден еңбек инспекциясы да бас тартқан. Автопарк қызметкерлері осы шағыммен оған да жүгінген. Тамыз айында көптеген шеруден кейін тексеру өткен. Инспекция еңбек кодексінің бұзылуы жөнінде 72 фактіні тіркеп, оларды жоюды талап еткен. Қызметкерлердің айтуынша, заңбұзушылық толықтай ашылмаған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары