$ 494.87  520.65  4.91

«Халыққа тиімді етіп жасалған»: экономист үкімет бекіткен «жеткіліктілік шегін» құптады

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жеткіліктілік шегі 4-5 жылға дейін өзгермеуі керек деп есептеймін. Жалпы, халық осындай талап қойып, жинақтарын арттырып алуға мүмкіндік жасауы керек. Өйткені, азаматтарымыздың көпшілігіне жеткіліктілік шегіне жету үшін уақыт қажет», – дейді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинақтың бір бөлігін баспана сатып алуға, қажетті ем-домға және қаржы компанияларына жұмсай алатынын айтқан. Кейіннен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастама тек зейнетақы қорында жеткілікті қаржысы бар азаматтарға берілетінін жеткізді. Qamshy.kz тілшісімен сөйлескен GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық министрліітің «жеткіліктілік шегін» көрсеткені дұрыс әрі батыл шешім екенін айтты.

«Бұл бағдарлама халыққа тиімді деп айта алмаймын. Қазіргі уақытта халықтың зейнетақы қорындағы ақшасы 1 млн-ға да жетпейді. Еңбекке жарамды халықтың саны 10 млн болса, соның ішінде қордағы жинақты пайдалануға 721 мың азаматтың мүмкіндігі бар. Шамамен 8 пайызына қолжетімді, ал 92 пайызы ала алмайды. Бірақ, саналы түрде ойланып қарайтын болсақ, қаңтар айындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағдарламасында 30 жастағы азаматтың есепшотында 6,7 млн теңге, ал 50 жастағы адамдардың зейнетақы қорында 10 млн-ның үстінде болуы қажет болған. Сол кездегі талаптарда тек қана 113 мыңнан астам адам қордағы қаражатты пайдалануға құқығы бар еді. Ал қазір ол көрсеткішке қарағанда жеткіліктілік шегі 3 есеге түскен. Сонда 721 мың адамның қордағы қаражатты пайдалануына мүмкіндігі бар», – деді ол.

Айтуынша, аталған бағдарламаның халыққа тиімді жағы өте көп. Олар қордағы қаражатты баспана сатып алуға, қажетті ем-домға, қаржы компанияларын басқаруына жұмсай алады.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әртүрлі жастағы адамдар үшін «жеткіліктілік шегі» қанша болуы керегін көрсетті. Бұл батыл әрі дұрыс шешім болды. Ұсынылған «жеткіліктілік шегі» ақылмен ойластырлып, дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Өткен жылы қаңтар айындағы ұсынылған бағдарламада әйелдерге әділетсіз болған. Оларға үлкен жеткіліктілік шегі қойылған. Яғни, әйелдер мен ерлерді бөлек қарастырған. Неліктен бұлай жасағанын сұрағанымда, әйел адамдардың жасы ұзақ, олар көбірек өмір сүреді, сондықтан да солай талап қойылғанын айтты. Бұлай бөліп-жару дұрыс емес. Менің ойымша, ескі бағдарламадағы олқылықтар ескеріліп, қазіргі жаңа бағдарлама барлығына тиімді етіп жасалған.

Маған кей азаматтар зейнетақы қорындағы жинақ орта таптың адамдарына ғана қолжетімді, ал қарапайым халыққа қолжетімсіз деп айтуда. Жалпы, еңбекке жарамды халықтың ішінде «орта тап өкілі» 1 пайызды ғана құрайды. Оның өзі 100 мыңға да жетпейді. Сондықтан 721 мың азаматтың ішінде орта тапқа да жетпейтін адамдар бар. Яғни, олар – ерте зейнетақы қорын ашып, көбірек қаржы салып отырған адамдар. Олардың саны көп емес. Осы тұста мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жеткіліктілік шегі 4-5 жылға дейін өзгермеуі керек деп есептеймін. Жалпы, халық осындай талап қойып, жинақтарын арттырып алуға мүмкіндік жасауы керек. Өйткені, азаматтарымыздың көпшілігіне жеткіліктілік шегіне жету үшін уақыт қажет», – деп атап өтті сарапшы.

Экономист қазір қызу талқыға түсіп жатқан зейнетақы қорындағы қаражатқа қатысты азаматтардың да наразылықтары барын жеткізді.

«Бағдарламаға өзгерістер енгізілгеннен кейін көптеген азаматтар зейнетақы қорындағы қаражаттың қанша екеніне үңіле бастады. Қордағы қаржысы баспана не ем-домға жете ме, жетпей ме деген сияқты. Сонда көпшілігінің жинақтағы қаржысы жетпей, наразылықтарын білдіруде. Әрине, зейнетақы жинағына қатысты халықтың пікірін білдіріп жатқаны өте орынды. Олардың ойымен санасқанды құптаймын. Бірақ, айта кететін жәйт, бұл мәселенің көтерілгеніне 1 жылдан астам уақыт өтті, осы уақыт аралығында талай талқылап, талай ұсыныстар айтуға болатын еді. Қазіргі жеткіліктілік шектер ойластырылып, сараланып, халыққа тиімді етіп жасалған», – дейді ол.

Мақсат Халық зейнетақы жинағындағы ақшаны қарапайым халық ала алмайтындай етіп, Үкімет кедергі келтіріп отыр деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Зейнетақы жинағындағы ақшаны қарапайым халық алу үшін әдейі кедергі келтіргендер болды. Олар – министрліктің бұрынғы құрамы. Солардың айтқан ұсыныстарын «әдейі кедергі келтірді» деп айтуға толық негіз бар. Ал қазіргі жағдайда ақшаның жоқтығынан шындық ашылып қалмасын, үкімет әдейі кедергі келтіріп отыр деп айта алмаймыз. Өйткені, жаңадан жасалған бағдарлама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстамдылығы мен талапшылдығының арқасында өте әділ болды», – дейді экономист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары