07.09.2020, 15:00

«Ажырасқандар құдайдың алдында жауап береді» - Мейрамбек Бесбаев

фото: tengrinews.kz
Жалпы, әйелдерін ұратын еркектерді түсінбеймін. Қалай батылы барады?

Мейрамбек Бесбаев қоғамдағы ер мен әйелдің мәселесі, ажырасқан отбасылар жайлы ойын айтты. Әншінің ойынша, бала үшін әке де, шеше де жауапты болуы керек, деп хабарлайды Stan.kz.

Қазір ер мен әйелдің ажырасуы, өз күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер жайы өзекті. Бұған қатысты көзқарасын әнші кеңінен ой қозғады. 

"Менің әкем ешқашан анама қол көтеріп көрген емес. Анам 80 жастан асты. Әкем екеуі бақытты өмір кешті. Мен әйеліме қол көтеріп көрген емеспін. Жалпы, әйелдерін ұратын еркектерді түсінбеймін. Қалай батылы барады? Әйел деген нәзік жаратылыс емес пе? Жақын күндері бір оқиға көрдім. Сценарий бойынша түсірілген. Ата-анасы ажырасып жатыр. Ортада бала отыр. Оның алдында сот төрешісі отыр. Баладан кіммен қалғысы келетінін сұрайды. Егер ауызша айта алмасаң, қағазға жаз дейді. Бала анасына қарайды. Сол күнге дейін қалай өсіргенін, еркелеткенін еске алады. Әкесіне қарайды. Арқаланып жүргенін, әкем бар деп өскен күндерін, үйреткен істерін еске алады. Отырып алып жылайды. Қағазға "екеуімен де қалам. Екеуі ажыраспасыншы" деп жазады. Бұл деген қазіргі трагедия. Не үшін бала зардап шегуі керек? Бала үшін ата-ана жауапты. Баланың болашағына ешкім алаңдамайтын болған", - деді ол. 

"Бұл үшін қалай болса да, ешкім жауапкершіліктен құтылмайды. Барлық ата-ана, ер болсын әйел болсын құдайдың алдында жауап береді", - деді Мейрамбек.