Алтын Орда тарихын, мәдениеті мен дәстүрін, ұлысты билеген хандар туралы оқырманға ақпарат беру мақсатында Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы кент кітапханасы тарихи-танымдық кеш өткізді. Онлайн режимінде өткен «Елдігіміздің түп тамыры» атты шара Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай ұйымдастырылды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келеді» деген болатын.
Монғол империясы бөлшектеніп кеткен барлық мемлекеттік құрылымдардың ішінен түркілердің саяси және этностық тарихы үшін ең маңыздысы Алтын Орда болды. Шығыста Ертістен батыста Дунайға дейінгі ұлы далада мекендеген ұлысты Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан биледі.
«Алтын Орда» сөзінің шығу тарихы А.Митрошкина, Г.Богатова, Г.А.Федоров-Давыдов, В.Егоров сынды зерттеушілердің еңбектерінде молынан алтындалып, қымбат материалдармен әшекейленген салтанатты киіз үй атауымен байланысты екені айтылған. Аумағының ұлан-байтақ болуы тұрғысынан Алтын Орда орта ғасырлардағы ең ірі мемлекеттік құрылым болды», - деді шараны ұйымдастырушылар.
Құнды мәліметтерге толы онлайн шарада ұлық ұлыстың билеушілері, саяси жағдайы туралы ақпараттар берілді. Мәселен, Алтын Орданың саяси тарихы мен дипломатиялық қарым-қатынасын зерттеген петербургтық шығыстанушы А.П.Григорьев XIV ғасырдың 50-70 жылдарындағы Алтын Орда ішіндегі әскери-саяси жағдайды зерделеу жолында бірқатар зерттеу жұмыстарын арнағандығы туралы да маңызды мағлұматтар айтылды.
Шығыстанушы Алтын Орда мемлекетінің астанасында Жошы ұрпақтарынан кем дегенде 17 хан ауысқан деген қорытындыға келген. Алтын Орда хандары мен Египеттің мәмлүк билеушілерінің арасында жасалған әскери одақ арабтардың ықпалын күшейткен. Мұсылман әлемінің әсерінен Алтын Орда мемлекетінде ислам діні ресми дін ретінде орнықты.