BTS Digital білім жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек өскелең ұрпаққа, жастарға керек бес дағдыны атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, өскелең ұрпаққа цифрлық сауат керек. Себебі біз толыққанды цифрлық дәуір көшіне бет бұрдық. Цифрлық қоғамда заманның игілігін меңгермеген ата-аналардың, балалардың қиналып жатқаны өтірік емес. Өкінішке қарай, цифрлық-ақпараттық сауат Қазақстанда жеткілікті деңгейде деп айта алмаймыз. 2018 жылғы Халықаралық ақпараттық және компьютерлік зерттеудің нәтижесі бойынша біз төмен позициядан көріндік», - деді Саясат Нұрбек Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Болашақтың құзыреттері. 21 ғасырдағы дағды мен іскерлік. Оны қалай дамыту керек?» атты онлайн-вебинар барысында.
Оның айтуынша, жастарда стандарттан тыс, креативті ойлау қабілеті болуы тиіс.
«Неге десеңіз, дәстүрлі салалардың өзінде стандарттар бұрын соңды болмаған өзгерістерге ұшырап жатыр. Бұрын адам бір стандарт немесе білім негізінде көп жыл бойы жұмыс істей берсе, қазір әр 5-7 жыл сайын мамандығыңыз толығымен өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан сіз жаңа жағдайларға жаңа біліммен және ұстаныммен тез бейімделуіңіз керек.
Үшіншіден, эмоциялық интеллект болуы тиіс. Неге десеңіз, жеке батырлардың өмірі өтті. Қазір кез келген салада негізгі жұмыс үлкен ұжымдық, топтық негізде атқарылады», - дейді ол.
Саясат Нұрбек жан-жақты коммуникацияны орната білу қабілетін – төртінші дағдыға жатқызды.
«Біз қазір бір-бірімізді бетпе-бет көріп отыратын жағдайда болмай қалдық. Ұстаздар болсын, балалар болсын, қазір қатты шаршап жүр. Негізінде әлемдік университеттер бұл үрдісті зерттеу үстінде. Біз сапасыз байланыста отырмыз. Онлайн режимде тіпті бір-бірімізді дұрыс ести де алмауымыз мүмкін. Сондықтан миымызға ақпаратты толыққанды қабылдау қиынға түсіп жатыр.
Бесіншіден, қазір білім немесе жұмыс саласы болсын, адамның белсенділігін талап етеді. Яғни бала өзін-өзі басқарып, тәртіп орната білуі керек», - деді ол.