$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда ғылыми орталықтың дәрігерлері жалақыларын толық ала алмай отыр

Арашаны енді Денсаулық сақтау министрлігінен сұрамақ. Ол жақтан да қайыр болмаса, ел президентіне арыздануға бел буып отыр.
фото: ult.kz
фото: ult.kz

Алматыда карантин кезінде уақытша стационар болған Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының қырыққа жуық қызметкері жалақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Басында уәдені үйіп-төккен басшылық жеме-жемге келгенде келіскен соманы берген жоқ», - дейді ақ халаттылар. Базынасын айтуға жиналған медбике, санитарларға басшылары түсініктеме бермек түгіл, есігін іштен тарс жауып алып, шықпай қойды. Ал карантинде көрінбейтін кеселмен басын қатерге тігіп күрескен қызметкерлер қайраңда қалған қайықтың күйін кешті. Шілдеде толық айлық қолға тигенімен, тамызда төгілген тер үшін уәделі теңгені алмаған.

«Мен толық 140-тан аса сағат істедім. Толық соманы алуым керек еді. 850 мың теңгені әкімдік төлеу керек еді. Бірақ, мен алған сомама қанағатты емеспін. Осы мен сияқты жұрттардың барлығы қанағат тұтпай отыр», - дейді санитар Ілияс Сайғазинов.

«Өгізі өткелден өткен соң, өзектен тепті» деп өкпелегендер ғылыми орталықтың басшылығы, ең болмаса, заң жүзінде не үшін тиісті жалақы төленбеуін түсіндірмегеніне қапалы.

«Түсіндіріп бере алмайды. Ал табельді беріңіз, бізге фактімен қағазды беріңіз десек, бермейді. Мен осында кеше келіп кеткем, бір ауыз айтса болады ғой», - дейді медбике Сымбат Ниязбекова.

Қыжылы толы қызметкерлер мекеменің алдына барғанмен, ешкім есігін ашпады. «Бухгалтерия шықсын, бухгалтерияның бастығы шықсын, жауап айтыңыздар, бізге жауап беріңіздер!» - деген айқайды әйтеуір бірі естіп, сыртқа шығып, «күтіңдер» дегенмен, ақыры басшылықтан ешкім төбе көрсетпеді.

Ініне тығылған суырдай тілдесуге жарамаған басшылықты күте-күте, ақыры тарағанымен, айлығын даулағандар мұнымен тоқталмайды. Арашаны енді Денсаулық сақтау министрлігінен сұрамақ. Ол жақтан да қайыр болмаса, ел президентіне арыздануға бел буып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары