23.09.2020, 12:00

Данияда балаларға тыр жалаңаш ересектер сабақ беріп жүр

Фото: zakon.kz
Балалардың жыныс органдарына қатысты қойылатын сұрақтарына әлгі ересектер тыр жалаңаш тұрған күйі егжей-тегжей жауап береді.

Тыр жалаңаш шешініп тұрған ересек адамдар балалардың бар сұрақтарына жауап береді. Экраннан жыныс мүшелері ірі планмен бүге-шігесіне дейін ашық көрсетіледі. Балалар ересек әйел мен еркектердің жыныс мүшелерін мұқият қарап, білгісі келетін сұрақтарын қоя береді. Данияда Ultra smider tojet деген телебағдарлама шығып жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.

Кей сыншылар бұл бағдарлама балалардың санасын бұзады десе, жобаның жүргізушісі мұны балаларға пайдалы ағартушылық жұмыс деп санайды.

Балаларға арналған Ultra smider tøjet (аудармасы "Киімді сыпырып тастағанда") бағдарламасы Даниялық телевизияда тұңғыш рет 2019 жылы шықты.

Студияның қонақтары – мектеп жасындағы ұл-қыздар мен бірнеше ересек адамдар. Шоуды 29 жастағы Янник Скоу (Jannik Schow) деген жігіт жүргізеді.

Әзірге эфирге бағдарламаның екі маусымы ғана шықты: бес эпизодтан тұратын біріншісі 2019 жылы көрсетілді, екіншісі 2020 жылы көрсетілген. Ultra smider tojet бағдарламасының әр сериясы 10 минуттан сәл асады, сюжеті тым қарапайым. Жүргізуші балаларға бүгін не көрсететінін жариялайды, сосын студияға бірден жалаңаш шыға салатын немесе халат киіп шығып, онысын сосын шеше салатын бірнеше ересек шығады.

Тақырып әйелдердің төсі туралы болса, төсі жалаңаш әйелдер тұрады төрде. Еркектердің мүшесі немесе әйелдердің жыныс органдары туралы болса – ересек қонақтар тыр жалаңаш тұрады. Балалардың жыныс органдарына қатысты қойылатын сұрақтарына әлгі ересектер тыр жалаңаш тұрған күйі егжей-тегжей жауап береді.

Шоу авторларының айтуынша, жалаңаш ересектер актерлер емес, балаларға білім беру үшін өз еркімен келіскен волонтерлер.

Балалардың білгісі келетіні көп екен. Олар көбіне, өзінің жыныстық дамуындағы кейбір ерекшеліктері қалыпты құбылысқа жата ма, дегенді сұрайды. "Әлгі жерге безеу шыға ма?", "ұстарамен түгін қырғанда ауыра ма?", "біз неге әжетханаға барамыз?", "етеккір неге келеді?", "төстартқыш жайсыздық туғыза ма?", "бала емізгенде қандай сезім болады?" деген сияқты сұрақтарын қояды.

Айтпақшы, 2019 жылы жобаның алғашқы маусымы Даниялық телевизиялық фестивальде үздік балалар шоуы деп танылыпты.