$ 494.87  520.65  4.91

Жарықтың жоқтығына шағымданған тұрғындарға әкім өлеңмен жауап берді

Қазір тұрғындар балшық илейік десе, су жоқ, матор айналдырайық десе, жарық жоқ, жылынайық десе, газ жоқ деп айтады. Халықтың айтқаны дұрыс.
фото: turkystan.kz
фото: turkystan.kz

Ақтөбелік әкім Ақшат-3 ауылының жайын өлеңдетіп жеткізіп, наразылығын білдірген тұрғынмен әлеуметтік желіде айтысты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Еркебұлан Бабасов есімді желі қолданушысы қала іргесіндегі ауылдың жайын шенеунікке өлеңдетіп жеткізген. Инфрақұрылымға қолы жетпей, газсыз, сусыз, жарықсыз отырған Ақшат-3 ауылының жайы желідегі өлеңге арқау болды. Желі белсендісі әкімді ауылда жаурап отырған балалардың жайын көріп кетуге шақырады.

 Ақтөбелік әкім де есе жібермей, тұрғыннан жеткен сәлемдемеге өлеңдетіп жауап берді: 

"Бүрсеңдеген жандарды бүрсеңдеген,
 Көзбен көріп, қал жайын білсем деп ем.
 Армандар болған еді сіздерде көп,
 Отбасымен жайлы өмір сүрсем деген.

 Жеріңіз, үйіңіз де шалғай болып тұр.
 Жылу да, газы-дағы бармай қалып тұр.
 Құжаты, бар сызбасы жасалуда.
 Биылға еш мүмкіндік қалмай қалып тұр.
 
 Жарығын сәтін салса, берсек дейміз. 
 Тұрғындар қуанышын көрсек дейміз.
 Қалғанын да көп созбай жасатуға,
 Әкімдіктен шын көңіл бөлсек дейміз. 

 Болады деп, сол жерді сұранғансыз
 Көп күтіп, жер алғанда қуанғансыз.
 Мәскеуде әп дегенде салынбаған
 Келісім бересіздер бұған даусыз.

 Ел едік, шүкір етер, барға көнер
 Ертең-ақ болар бәрі, газ да келер.
 Шыдауға тура келіп тұр 
Ақшат үшке, Қыс өтіп, көктем өтіп, жаз да келер.

 Жатпайық, масыл болып, қол құр жайып,
 Болатын жақсылыққа қол бұлғайық, 
Ата-ана болғаннан соң, әрекет қып,
 От жағып, баланы еш тоңдырмайық", - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбеков.

 Редакция тілшісі Ақтөбе әкіміне хабарласып, мән-жайды білді.

 "Қазақта "буынсыз жерге пышақ ұрма" деген сөз бар. Жауыр болған нәрсені қайта-қайта айта беруден не пайда?! Өлеңдетіп жазылған екен, мен де солай жауап бердім. Менің 580 өлеңім бар. Ол жағынан проблема жоқ. Французша жазса, француз тілінде де жауап беремін. Биыл сараптама жұмыстары бітсе, ауылға келесі жылы су мен газ тартылады. Жарық қараша айының аяғында беріледі. Мәселе коммуникацияның тартылмағандығында болып тұр. Қазір тұрғындар балшық илейік десе, су жоқ, матор айналдырайық десе, жарық жоқ, жылынайық десе, газ жоқ деп айтады. Халықтың айтқаны дұрыс. Бірақ халықтың сөзі дұрыс деп қалтамнан суырып беретін менің де, Асхат Шахаровтың да, Оразалиннің де ақшасы жоқ. Біртіндеп шешіледі, шыдамдылық керек дейді", - дейді Әділкерей Әуелбеков.

Шендінің айтуынша, қалалық әкімдік пен Ақшат-3 ауылынан 1010 адамға жер берілген. Өткен жылы үш отбасы қыстап шыққан. Биыл он отбасы тұрып жатыр. Әкімдік қыс мезгілінде тұрғындарға ауыз судың жеткізіліп тұрғанын айтты. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары