25.09.2020, 22:05

Алматыда «Авто сити» саудагерлері басшылықтан қорлық көріп келе жатқандарын жеткізді

фото: 2gis.kz
«Авто сити» әкімшілігі заңды пысқырмай, жолды темір шарбақпен қоршаған. Олардың бассыздығын жергілікті әкімдік оқиға орнына келгенде ғана байқады.

Алматыдағы көлік бөлшегін сататын орталықтың саудагерлері әбден қаналып біткенін айтып шағымданды. Ай сайынғы жалға төлейтін ақшадан бөлек, әкімшілік қосымша қызметтерге де ақша төлеуге мәжбүрлейді дейді олар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ал «кетем» дейтіндердің о баста құйған миллиондаған ақшасын қайтармай қинайтын көрінеді. Шу шыққан сауда нысанына полицейлер мен әкімдік өкілдері де жетті. Етегі жасқа толған Райхан Қалдахметтің «Авто сити» қожайынынан көрген қорлығы есіне түссе, жанарынан жас тамшылайды. 7 бутикті 40 мың долларға алған. Кәсібін дөңгелетем бе дегенде, Бауыржан Берімқұлов желкелеп қуып жіберді дейді. Бірақ, қожайынының оны мойындағысы жоқ.

Райхан секілді бірталай саудагер қанаудан қажыған. Ай сайын жалға төлейтін ақшадан бөлек, қосымша 10-15 мың теңгені амалсыз сауда орталығының басқа қажетіне береді екен. Тіпті, аумаққа көлігімен кіруге күн сайын 200 теңге төлейді.

«Бізге тегін емес. Егер «Газельмен» келсек, 600 теңгеден алады. Бұл жерде жалғыз мен емес, сауда орталығында қанша бутиктің адамдары отыр, бәріне қолайсыз жағдай», - дейді саудагер Гүлнәз Сүлейменова.

«Авто сити» әкімшілігі заңды пысқырмай, жолды темір шарбақпен қоршаған. Олардың бассыздығын жергілікті әкімдік оқиға орнына келгенде ғана байқады. «Осы уақытқа дейін қалай байқамаған?» деген ойға қаласың.

«Мына қоршауларды қазір анықтап білдік. Негізі «Авто сити» мекемесі заңсыз қоршап алған. Бүгін демонтаж жасап, алдыртып тастаймыз», - дейді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Кенеев.

Қоршаудың ақыры алынарына осындағы тұрғындар да ерекше қуанып жатыр.

«Ортақ жер болғандықтан, біз бәріміз еркін өтуіміз керек. Қоршаудың бәрін түгелімен алып тастаған жөн. Содан кейін халықтың пайдалануы қажет», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Бағдат Бекболатова.

Айтылған сын мен тағылған айыпты сауда орталығының басшылығы мойындамады. Тартысқан екі тарап бір мәмілеге келе алмады. Әркім өз шындығында қалды. Шырылдаған саудагерлер енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы-іс қимыл агенттігінен араша сұрамақ. Ал сауда орталығының басшылығы өз кезегінде полиция шақырып, олардың атына арыз жазды.