«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов карантин қайта енгізілген жағдайда, 42 500 теңгенің қаншаға өсетінін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz порталы, Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Мырзахметовтің сөзінше, министр ақшаның сомасын арттыру туралы кеше ғана айтқанымен, кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені мамыр айында қозғаған.
«42 500 – аз. Девальвация, инфляция бар. Төлемді индексациялау қажет. Біздің есебіміз бойынша, 55-60 мың теңге болуы мүмкін. Әрине, бәрі бюджетке байланысты», – деді Мырзахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Еске сала кетсек, кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қатаңдатылған карантин қайта енгізілсе, жұмыссыз қалғандарға берілетін төлем сомасы көбейетінін хабарлаған еді. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, егер елде коронавирустың екінші толқыны болып, қатаңдатылған карантин енгізілсе, онда 2,2 миллион адам қиын жағдайға тап болуы мүмкін.
Ал жұмыс істейтін тұрғындардың тек жартысы ғана қалыпты режимін сақтай алады. Олардың қатарына ауыл шаруашылық, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау саласында еңбек ететіндер жатады. Сондай-ақ, 2,5 миллиондай адам қашықтан жұмыс істеуге көшеді.
Тағы бір айта кетер маңызды жайт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына 42 500 теңгені алуға хақысы жоқ деп танылған тұрғындардың өтініші 1 желтоқсанға дейін қайта қаралатыны туралы ақпарат шықты.