Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова коронавирус жұқтырып, індеттен айыққан адамның ағзасында иммунитет қалыптаса ма деген сұраққа жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Көптің көкейінде жүрген сауалға қатысты Махаббат Бекбосынова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында пікір білдірген.
"Коронавирус инфекциясына қарсы мығым иммунитет бар ма, әлде бұл уақытша ғана иммунитет пе?" деген сұрақ шеңберінде қазір әлемдік қауымдастық түрлі пікірталас өткізіп жатыр.
Бұл мәселе қазіргі уақытта зерттелу үстінде. Алайда кейінгі шолу материалдарының бірінде COVID-19-дан кейін жақсы иммунитет қалыптасатыны жайлы мәлімет болды. Тіпті, одан бұрын коронавирус инфекция қаншалықты ағзаға ауыр болса, соншалықты мығым иммунитет қалыптасады деген де тұжырым болған. Алайда бұл сауалдың жауабы болашақтың еншісінде деп айтар едім", - деді ол.
Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушының сөзінше, осыған дейін COVID-19-ды қайта жұқтырудың бір ғана жағдайы тіркелген. Бірақ қайта жұққаны – вирустың басқа штамы болған. "Бұл – Сингапурдан келген хабарлама. Бұл науқас екінші инфекцияны – COVID вирусының басқа штамын жеңіл өткерген", - деді Махаббат Бекбосынова.