28.09.2020, 04:50

«14,2 млн теңге айыппұл салынды»: Атырауда жұмысшының құқығын таптау фактілері жиілеген

фото: informburo.kz
Өндірісте жұмысты дұрыс ұйымдастыруға мән берілмейді. Тіпті, жарамсыз көліктер мен қондырғылар пайдаланылып, қауіпсіздік ережелері сақталмайды.

Биылғы жыл басынан бері Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына Еңбек заңдылығын бұзу туралы 762 шағым түскен. Осыған орай, басқарма мамандары 726 шағымды тексеріп, 313 азаматтың еңбек құқығын қорғады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Еңбек инспекторларының жұмыс берушілермен ынтымақтаса әрекет етуінің нәтижесінде, 27 жұмысшының 3,2 млн теңге жалақысы өндіріліп, жұмыскерлермен еңбек шарттары жасалды. Ал шағымдар негізінде жоспарлы түрде 80 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, еңбек заңнамасын бұзудың 135 дерегі анықталды. Аталған заңсыздықтарды жою үшін 67 ұйғарым енгізіліп, 39 әкімшілік хаттама толтырылды. Заң талабын бұзушыларға 14,2 млн теңге айыппұл салынды. Қазір айыппұлдың 4,9 млн теңгесі өндіріліп отыр», - деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.

Оның айтуынша, өндірісте жұмысты дұрыс ұйымдастыруға мән берілмейді. Тіпті, жарамсыз көліктер мен қондырғылар пайдаланылып, қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Мұның бәрі – жазатайым оқиғалардың болуына басты себеп.

«Жыл басынан бері осындай жағдайлардың салдарынан 5 жұмысшы қаза тапты. Ал 7 жұмысшы ауыр дене жарақатын алды. Осы дерекке қатысты арнайы тергеу құжаттары құқық қорғау органдарына жолданды. Демалыс күндері істелген жұмыс үшін еңбекақы төлемейтін бірнеше мекеме анықталды», - дейді Игілік Әубәкіров.