Ақтөбеде ғашық жастардың ісі насырға шауып, сотқа жетті. 17 жастағы бозбалаға "Аса ауыр қылмыс жасады" деген айып тағылған. Бір-біріне өлердей ғашық жандардың арасына түскен кім? Қызым үйде, қылығы түзде дейтін ана неге болашақ күйеу баласына шүйлікті?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
17 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыз бала биыл ақпан айында танысыпты. Нұрасқан қаладағы кәсіптік лицейлердің бірінде оқыған. Егіз ұлының бірі қызбен кездесіп жүргенінен ата-анасы да хабардар болыпты. Қызды әкеліп таныстырған.
– Балам қайта-қайта сұрады "біздер үйленейікші, үйленейік" деп. Мен айттым неге сонша асығыс, мүмкін қыздың аяғы ауыр шығар деп едім, "Жоқ, мама, аяғы ауыр емес, біз бір-бірімізді жақсы көреміз. Бір-бірімізсіз тұра алаймыз" деді. Мен тағы айттым, үйлендіре алмаймын, себебі кәмелеттік жасқа толмадыңдар деп. Балалар қаша бастады, – дейді күдіктінің анасы Анар Қошанова.
Анар екі жастың үш рет үйден қашып кетіп, кейде бірге пәтер жалдап жүргенін білген. Қыздың анасы да үйге қонбағанын айтып, хабарласқан кездер болған. Сондай сәттердің бірінде ашуға мінген анасы қызын тексерту үшін сот-медициналық сараптамаға жүгініпті. Бірақ, іс бұлай насырға шабады деп ойламаған.
– Қыздың қандай жағдайда, қандай неде болғанын білу – міндетім. Үйге қыз қонбағасын. Екі бала бірін-бірі жақсы көргендіктен қашты, бірге осындай жыныстық қатынасқа түсті. Баланы құтқаратын возможность болса, екі бала бірін-бірі жақсы көретінін білем, қарсы емеспін, – дейді қыздың анасы.
Полицейлер бойжеткеннің анасының арызы бойынша 17 жастағы жігітті қамауға алған. Оған "16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" бабы бойынша айып тағылып отыр. Егер кінәсы дәлелденсе 10-нан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Ерболат Сарқұлов, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Осы дерек бойынша кәмелеттік жасқа толмаған қыздың анасының арызы бойынша қылмыстық кодекстің 122 бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс аяқталды. Қазіргі таңда облыстық прокуратураға жіберілді. Аталған қылмыс аса ауыр болып саналады.
Қыздың анасы айыпты болған бозбаланың үстінен шағым түсірмейтінін айтып, полицияға да арызданған. Ал Анар болашақ келінін үйге кіргізіп алсам, қалай болады деп, ақыл-кеңес де сұрапты. Біраз құзырлы органдар оған бұл әрекеті үшін заң алдында жауап беретінін айтқан.
– Қаншама кішкентай балаларды, жастарды зорлаған, мусорға лақтырып кеткендер бар, мысалы. Соларды неге соттамайды? Неге отырғызбайды? Баламның не жазығы бар? Шынайы махаббат үшін түрмеге отырғызуға ма баламды, – дейді күдіктінің анасы Анар Қошанова.
Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсті. Кейбір құқық қорғаушылар жастарға араша түсіп, қарым-қатынас екі жақты келісімнен кейін болғанын ескеруі керек еді дейді.
Қызбен жүремін деп басы дауға қалған бозбаланың анасы енді мемлекет басшысынан араша сұрап отыр. Баламның шалалығын, жастығын ескеріп, жазасын жеңілдетсе екен дейді. Егер ол сот залынан босап шықса, екі тараптың ата-анасы оларды үйлендіргісі келеді.