Әлеумет 30.09.2020 сағат 21:09

«Еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейшіліктің зардабын тартып келеді» - Перуашев

Бұл - мұнай өндіруші мемлекет үшін масқара нәрсе. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан халықтың кредиттік рақымшылықты өткізуге қатысты талаптарын түсінуге болады.
«Еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейшіліктің зардабын тартып келеді» - Перуашев
фото: inbusiness.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Тұтынушылық кредиттердің проценттік мөлшерлемесін 7-8 процентке дейін төмендетіп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу қажет. Парламент мәжілісіндегі "Ақжол" фракциясының депутаттары үкімет басшысына жолдаған сауалында осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, халықтың кредитін кешіру бастамасы орынды. Себебі пандемия кезінде қарапайым халықтың жағдайы қиындап кеткен. Ал Дүнижүзілік банктің мәліметіне сәйкес, кедейшілік шегінен аса алмай жүрген қазақстандықтардың саны 1,5 есеге көбейіп, 2,3 миллион адамнан асты.

"Демек, еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейшіліктің зардабын тартып келеді. Бұл - мұнай өндіруші мемлекет үшін масқара нәрсе. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан халықтың кредиттік рақымшылықты өткізуге қатысты талаптарын түсінуге болады", - деді Перуашев мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың ойынша, бүгінде халықтың жағдайын қиындатып отырған негізгі мәселелерге мән берген жөн. Онсыз кредиттік рақымшылық проблемасы көтеріле береді. Мәселен, өткен жылы 160 миллиард теңгенің кредиті кешірілді. Бірақ бүгінде осы мәселе ушығып кеткен. Кредитті кешіру бастамасы тағы көтеріліп отыр. Өйткені негізгі себептері шешілген жоқ.

"Нақты екі себеп бар. Біріншіден, банктер кредит проценттерін негізсіз көтеріп отырады. Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі де базалық ставканы төмендетпей, жоғары проценттерді қолдап отырған сияқты. Екіншіден, қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдамай отыр. Ал ондай заң болса, кредитті төлей алмағандар соңғы баспанасын сақтай алатын еді", - деп атап көрсетті Перуашев.  

Осыған байланысты "Ақжол" фракциясы премьер-министрге, ұлттық банк төрағасына және қаржы нарығын реттеу агентігінің басшысына депутаттық сауал жолдап, бірнеше мәселені шешуді талап етті. 

Олар:

- Тұтынушылық, ипотекалық және кәсіпкерлік кредиттердің проценттік мөлшерлемесін 7- 8 процентке дейін төмендету;
- Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеп, парламенттің қарауына енгізу;

"Осыны жасамасақ, кредиттік рақымшылықты өткізу талаптары әдетке айналып кетеді. Қаржы жүйесі қиындыққа тап болады. Кредитті төлеп жүрген адамдар да қарызын қайтармауға көшеді", - дейді Перуашев.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар