Заманның ағысы ма әлде адамзат құндылықтарының өзгеріп жатқанының белгісі болар, қолына кітап алып, оны парақтап, оқып отырған адам көрсек, оған деген оң көзқараспен қарайтынымыз рас. Баласына кітап оқыта алмай жүрген ата-ана болса, тіптен баласы үшін қуанады.
Ең жақсысы, қазір оқимын деп ізденген адамға кітап та көп, кітаптың форматы да көп, таңдау еркі – өзінде. Тек оқырманға қойылатын басты талап – қырағылық. Автордың кім екеніне мән беру де маңызды. Діни мазмұндағы кітап қолыңызға түссе, онда тіпті талап күшейеді. Себебі, деструктивті діни ағым, экстремистік идеология, терроризм секілді қауіп-қатердің дәл қайдан келетінін болжап айту қиын болып тұрған кезде, кітаптың өзі қауіпке айналуы ғажап емес. Жат ағым өкілдері өз идеологиясын таратудың бір құралы ретінде кітапты пайдаланады. Сондықтан кітап оқи отырып ой-өрісті кеңейтіп, білім толықтыруға, не деструктивті дін өкілдерінің бірі болып шыға келуіңіз әбден мүмкін. Мәселе – кітапты қалай таңдауға келіп тіреледі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтына кірген адам онда террористік деп танылған және Қазақстан Республикасы аумағына әкелуге, басып шығаруға, таратуға тыйым салынған әдебиеттер мен ақпараттық материалдар тізімі барын көре алады. Сонымен қатар, экстремистік бағыттағы әдебиеттер тізімі де берілген.
Рұқсат етілмеген әдебиеттер мен ақпараттар деструктивті діни ағымдардың идеологиясын уағыздайтындықтан арнайы дінтанулық сараптамадан өтпей қалған немесе сараптамаға мүлде берілмей, халық арасына таратылған. Бұл кітаптар ашық түрде Қазақстан Республикасының зайырлы сипатын, қоғамда ғасырлар бойы орныққан құндылықтарды мойындамайды және агрессивті түрде жиһадқа шақырады. Сондықтан олардың таралуына біздің елде тыйым салынған.
Діни мазмұндағы кітап оқу, таңдауда адаспас үшін неге мән берген дұрыс? Бүгін осы сауалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы, Phd доктор Альбина Дүйсенбаеваға қойған едік.
– Кез келген діни мазмұндағы ақпарат аларда алдымен діни мазмұндағы материалдың қандай діни бірлестіктен шыққандығына мән беру маңызды. 2011 жылы 11 қазанда шыққан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабының 6 тармақшасында «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» делінген. Яғни, ҚР кез келген азаматының діни сенім құқығы заңмен қорғалған.
Алайда осы заңымыздың өзге де баптарында бұл құқықты жүзеге асыру тәртіптері нақтыланған.
Мәселен, осы заңның «Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар» мәселесіне арналған 9-бабының 4-тармақшасында «Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда діни бірлестіктің толық атауы болуға тиiс» делінген. Демек, діни мазмұндағы ақпараттарды алуда назар аударуды қажет ететін мәселе – ол діни бірлестік атауының сол материалда көрсетілуі. Мысалға, кей діни мазмұндағы брошюра не журнал т.б. материалдарда жалпылама тақырыптар көрсетілуі мүмкін, Құдай мейіріміне бөленіңіз! – дейді. Алайда қандай дін не діни ұйым екендігі белгісіз.
«Қасиетті Інжілді түсіндіру» деген сөздер оқысаңыз, онда Христиан дінінің қай бағыты бойынша түсіндірмекші, оны қарапайым оқырман ажырата алмайды. Сондықтан ресми талаптарды орындап, заң тәртібі бойынша діни ақпарат таратып отырған діни бірлестік бірден өз діни бірлестігінің атауын материалда көрсетуі керек. Егер қолыңызға түскен діни мазмұндағы материалда (кітап, журнал, брошюра, видео немсе аудио таспалар) қандай діни бірлестіктен, қандай баспадан шыққандығы туралы ақпарат болмаса, онда оны күдікті деп есептей беріңіз. Демек, бұл ақпаратты таратушы тарап өзіне жауапкершілік алмай тұрғандығының белгісі немесе олар дінтанулық сараптамадан өтпеген (оң қорытындысын алмаған, тексерілмеген) күмәнді ақпарат, – дейді А.Дүйсенбаева.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми статистикасына сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 3603 әдебиет, бұйымдар және өзге де ақпараттық материалдарға дінтану сараптамасы жүргізілген. Соның ішінде 259-на теріс, 2324-іне оң сараптама қорытындысы берілген. 608 материал діни мазмұнда емес, ал 412 материал шет тілінде болған.
Айта кетейік, діни мазмұндағы кітаптардың таралуы, сатылуы 2011 жылғы 11 қазанда шыққан №483 «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заң арқылы реттеледі. Яғни аталған заңның «Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар» атты 9-бабы жауапты. Заңға сүйенсек:
• Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.
• Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.
• Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі.
Кітапта мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін экстремистік, террористік бағыттағы не дінаралық конфликтерді немесе ұлтараздығын қоздыратын ақпарат болса онда кітапты шығарған ұйым қылмыстық кодекспен жауапқа тартылады.
Ресми деректерге сүйенсек, 2019 жылы белгіленбеген орындарда діни әдебиеттерді таратудың 146 дерегі анықталып, 1163 баспа өнімі, 12 электрондық тасығыш және 275 діни мақсаттағы зат тәркіленген. Сондай-ақ, 2019 жылдың 11 қарашасында азаматтардың экстремистік сипаттағы әдебиеттерді оларды тарату мақсатынсыз сақтауының (әкелуінің) 146 дерегі анықталған. Олар ӘҚБтК-нің 453-бабының белгілеріне жатады. Нәтижесінде 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып (оның ішінде 37-сі шетелдіктер: Қырғызстан – 30, Ресей – 5; Өзбекстан – 1; Тәжікстан – 1), 13,7 млн. теңгеден астам сомада айыппұл салынған.
– Бейресми діни мазмұндағы ақпараттарды алудың қаупі неде?
– Сараптамадан өтпеген, арнайы діни бірлестіктердің мақұлдауынсыз жарияланған діни мазмұндағы ақпараттарды оқығанда не тыңдағанда арнайы дін маманы болмасаңыз, сол ақпараттағы қандай да бір әдейі не байқамай берілген діни бұрмалаушылықтарды байқамай қалуыңыз не түсіндірмесіз тікелей қабылдауыңыз мүмкін. Мәселен, сырт көзбен қарағанда қолыңызға түскен материалда қасиетті жазбалардағы мәтіндер, дін ғалымдарының сөздері беріліп тұруы мүмкін. Алайда, біз өзіміз сол қасиетті мәтіннің түпнұсқасын толық оқымағандықтан не діни сауатымыздың төмендігінен ол материалдағы жазбаның дұрыс немесе бұрыс екендігін ажырата алмаймыз. Солай, қолымыздағы ақпаратты сүзгісіз ақиқат ретінде қабылдап, буквализм, фанатизм, радикализм, деструктивтілік сынды қасіреттерге шалдығамыз. Көптеген діни секталардың дін тарату әдістерінің жемістілігі де осы әдісте жатыр.
Тарататын діни мазмұндағы ақпараттарының сыртқы формасында көпшілік жақын қабылдайтын діндердің бетпердесіне бүркемелену бар. Көпшілікке ұнамды, қызықты тақырыптарды қозғай отырып, өз мүдделеріне қажетті ақпараттарды астыртын өткізу, сол арқылы құрбандарының ойын, эмоциясын, күш-жігерін, руханиятын өзге арнаға бағыттайды. Бұл мәселе қазіргі таңдағы пандемия жағдайына байланысты ғаламтор беттеріне қарай көшуде.
Бастапқыда әлеуметтік желілерде кез келген көпшілікке өтімді атауда парақша ашылады (сауда не шығармашылық, оппозициялық бағыт т.с.с). Белгілі бір аудиторияны қалыптастырғаннан кейін ол жерде астыртын немесе жанама түрде діни мазмұндағы ақпараттар беріле бастайды.
Есіңізде болсын, кез келген араздастықты өршітетін, өзге адамның құқығына қол сұғатын, сіз бен біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бағыттағы ақпараттың не материалдың парақшаңызда таратылуы немесе сіз таратпасаңыз да телефоныңызда сақталуы заң алдындағы жауапкершілікке әкеледі. Себебі, сіз оны әлеуметтік желіде бөліспесеңіз де телефоныңыздан көрсетпегеніңізге дәлел жоқ. Қазір қоғамдық орындар, ғаламтор беттеріне мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған бақылау бар. Сондықтан діни радикалды ұйым мүшелері арасында үйіне шақырып немесе достық т.б кездесулерде жеке құрылғылардан аудио не видео таспалары арқылы діни насихаттарды тыңдату үрдістері көбейіп келеді. Бұл да заңды айналып өтудің әркеттерінің бірі деп айтуға болады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың бірінші тоқсанында 654-тен астам интернет-ресурстардың мазмұны талданған. Олардың ішінен құқыққа қарсы сипаттағы материалдарды қамтитын 431 сілтеме анықталды. Олар бойынша теріс сараптамалық қорытындылар Комитетке тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін жіберілді.
Біле жүріңіз, деструктивті діни әдебиет мазмұнындағы негізгі белгілер төмендегідей:
Киелі жазбаларды бұрмалап түсіндіру, деструктивті және радикалды ағымдар мен секталарды түсінудегі діни кітаптардың жай-күйіне түсініктеме беру;
Қоғамды дінге сенушілер мен атеистерге бөлу, өмір салтын, мінез-құлық, мораль нормаларын, өмірді, болмысты дұрыс түсінбейтін айналадағы адамдардың құндылықтары мен мұраттарын сынға алу;
Құқыққа қарсы іс-қимылдарға шақыру, терроризм мен экстремизм идеологиясымен байланысты оның түрлі көріністеріндегі идеяларды, экстремалды көзқарастарды насихаттау, теократиялық мемлекет құруға бағытталған мемлекеттің конституциялық құрылысын өзгерту идеяларын насихаттау;
Мемлекет өміріндегі белгілі бір кезеңдерді, оқиғаларды «шынайы» іспетті діни көздер тұрғысынан түсіндіру, көбінесе бұл аспектілер деструктивті және радикалды топтар мен секталардың жақтаушылары мен мүшелеріне психологиялық әсер етуді мақсат етеді.
Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға белгіленген талаптарды бұзса – қызметтiн үш ай мерзімге тоқтата тұрып, заңды тұлғаларға екі жүз, жеке тұлғаларға – елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ф: Діни кітап – Әсел Д