$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде сығандарға қарсы күрес басталды

Олар медициналық тексеруден өтпек түгіл, қарапайым масқа да тақпайды. Ұсталса да полицейлерге пара беріп құтылып кетеді.
Фото: total.kz
Фото: total.kz

Дағдарыс пен пандемия күшейгелі қалаларда қайыршылар қаптап барады. Әрине, қалтарыс-бұлтарыста имене қол жайған, әрі кетсе жүргіншілерге жаутаңдай қарап, әлденені күбірлеген қазақстандықтар мүсіркеушілік туғызады. Ал бала-шағасымен өріп жүретін, бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерін де осы көлеңкелі «бизнесіне» жегетін, өткен-кеткеннің етегіне жабысып, жеңінен жұлқылайтын жатжұрттық «мәдениетсіз» қайыршылар елді әбден мезі етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

Халық коронавирус шектеулері салдарынан шекара тарс жабық кезде бұлардың елге қалай кіріп кеткеніне таңданады. Олар медициналық тексеруден өтпек түгіл, қарапайым масқа тақпайды. Демек, әрқайсысы әртүрлі індеттерді тарату ошағына айналып кетуі мүмкін. 

Заңгер Ержан Оралов олардың елде заңды жүргеніне шүбә келтіреді. Бәлкім, пара беріп әлдекімнің қамқорлығында болуы ғажап емес. «Шетелдік келімсектердің, соның ішінде сығандар мен тәжіктердің елімізде қаптап жүргені қаншалықты заңды? Олар, әсіресе, әр қаладағы базарлардың, автосервис орталықтарының айналасында көп. Қашан көрсең, қайыр сұрап, елді мазалап жүргені. Олардың ешқайсысы салық төлемейтіні белгілі. Оларды бақылауға алып, жөнге салып жатқан тәртіп сақшылары да көрінбейді», – дейді ол. 

Арасында ұрлықпен өмір сүретіндері де жетерлік. Бұлардың басынып алғанын көрген қазақстандықтардың – адал салық төлеушілердің көңілі жұтайды, өздерін көшеде қауіпсіз сезінбейді. Жұмыс істемей, қайыршылықпен қомақты табыс табатын бұлар жас ұрпаққа жаман үлгі болуы да ықтимал. Азаматтардан, қоғам белсенділерінен түскен шағымдарға ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жауап берді. Ол Қазақстан Конституциясының 12-бабына сай, елімізде шетелдіктер де өз азаматтарымызбен тең құқыққа және бостандыққа ие екенін айтады. Рас, онда жауапкершілігі де бірдей болуға тиіс.

«Негізі «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» қолданыстағы заң бойынша шетелдiктер ел аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және тұрғылықты жерді де өз бетінше таңдайды. Тек егер шетелдік қоғамдық орындарда өзге адамдарды мазалай берсе, заттарды сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында, болмаса  бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипаттағы қызметтерді күштеп таңу мақсатында тиіссе, мазалап өтініш білдірсе, сонда ғана ол әкімшілік жазаға тартылады. Оған 5 АЕК (13 мың 890 теңге) айыппұл салынады, немесе 5 тәулікке дейін қамалады. Оған да болмаса, елден аласталады», – деді министр. 

Елімізде терроризмге қарсы заңнама күшейтіліп, барлық азаматтар уақытша және тұрақты тіркеуге тұруға міндеттелгені мәлім. Тіпті, ауылдан қонақтар келіп, ұзақ жатып қалса, оларды үй иесі пәтеріне уақытша тіркеуге міндетті. 

Олай жасамаса, жазалайды. Қынжылтатыны сол, билік жатжұрттықтарға қарағанда, өз азаматтарына қатал. Мысалы, егер уақытша тіркеуге тұрғызбағанын анықтаса, полицейлер 10 АЕК (27 мың 780 теңге), ал бұзушылық қайталанса, 20 АЕК (55 мың 560 теңге) айыппұл салады. Яғни жаза көшедегі «қалтақағарлардың» жазасынан 4 есеге дейін ауыр. Еріктілердің мәліметінше, «сығандарға» 13 мың теңгедей айыппұлды төлеп тастау еш қиындық тудырмайды. Күнделікті табысы әлденеше есе көп. Сондықтан олар полицейлерден қорықпайды.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары