Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасынан кейін 10 ауылға газ тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысындағы Сортөбе, Бұлар батыр, Масаншы сынды ауылдарда негізінен дүнген диаспорасы тұрады. 50 мыңнан астам адам тұратын ауылдарды табиғи отынмен қамтамасыз ету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң жазда басталған еді. Құбыр тарту, монтаждау жұмыстары бес айға жалғасты.
Қарасу, Өтеген, Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым газ құбыры тартылды.
Бүгін Қарасу ауылында алауды жағу салтанатына қатысқан аудан әкімі Рүстем Дәулет «Бұл - мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың тек бастамасы ғана», деп атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша тапсырмасы бүгінде сәтті іске асып жатыр. Бүгінде аудандағы әлеуметтік мәселелер толыққанды шешілді деуге негіз бар. Көптеген ауылдардағы көше жолдары толықтай жаңартылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынды. Алдағы жылдары да ел қажеттілігіне қарай әлеуметтік нысандар салына беретін болады. Бүгін міне, қос бірдей ауылға газ берілді. Көптен күткен қуанышты күндеріңізбен құттықтаймын. Үйлеріңізден жылу кетпесін», - деді Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет.
Салтанатты шарадан соң өңірге жауапты тұлғалар ауыл-үйлерді аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Көгілдір отын келіп көңілі жай тапқан отбасының бірі -Рашид Ханбезовтар әулеті. «Көмір тасып, күл шығарудан құтылдық» деген олар қуаныштарын жасырмады.
«Әрине пеш жағу қиын. Үкімет газ кіргізіп беріп жатыр. Қазір міне көріп отырсыздар, үйімде көгілдір отын жанып тұр. Осындай игі істерді қолға алған басшыларға алғысым шексіз. Көзбен көріп жүрміз, жол, су мәселелері де шешіліп жатыр. Елде тек тыныштық болсын, аудынымыз көркейіп келе жатыр. Табиғи отынды үйге тартуда жеңілдік те жасалды. Рақмет, қарақтарым», - деді Қарасу ауылының тұрғыны Р.Ханбезов.
Өтеген мен Қарасу ауылдарындағы 1251 тұрғын үй жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылады. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер мекеме ауылішілік желілерді тартуды аяқтады. Газ қостырам деген тұрғындарға жеңілдік жасалады. Көгілдір отынды әр отбасыға кіргізу құны 300 мың теңге болғанмен, тұрғындар оны бірнеше айға бөліп төлей алады.