$ 448.15  483.46  4.86

«Жусандық» қыздың тағдыры

«Жусан» операциясымен елге жеткізілген 524 қазақстандықтың  357-сі кәмлетке толмаған балалар екен.
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Данышпан, ғұламалардың айтуынша дін адамды бақытты ету үшін жіберілген Құдай тағаланың нығметі болып саналады. Кез келген діннің түпкі мақсаты осы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бірақ  діннің атын жамылып, адамдарды азапқа, адасуға, қиындыққа кезіктіріп, тағдырын тәлкек еткендер шынайы діннің насихатшылары емес.  Ол теріс ағымдағы, яғни,  көздегені мүлде басқа, адамдарды жалған дін арқылы өздерінің мүддесіне пайдаланушы деструктивті топ деп түсінген жөн. Бүгінде мемлекет осы теріс ағымның жолын кесіп, адасушылардың алдын алып, білек сыбанып жұмыс жасап, қара ниеттілердің пиғылын түсіндіріп-ақ келеді.

«Қазақстан  Конституциясын ашып көрсеңіз,  мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған. Бұл жазыла салған жай ғана сөз емес. Бұл –  мемлекеттік мүдде, елдік ереже, заңдық құжат. Мемлекет еліміздің осы басты құжатына сүйене отырып әрекет етеді.  Ең қымбат қазынамыз саналатын адамдарымыздың кейбірі теріс діни ағымдардың арбауына ілесіп, алдауына көніп, соқыр сеніммен елін-жерін тастап, Түркияны басып, Ирак, Сирияға асып, террорлық идеяның  жетегінде кеткені ашық ақпарат. Бүгінде мемлекет адасқандарды іздеп тауып, елге әкеліп, қамқорлығына алып, бақылауында ұстап отыр. Бұл әрекет мемлекеттің арнайы дайындаған «Жусан» операциясы арқылы жүзеге асты. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар мемлекеттің бұл әрекетін қолдайды, құп көреді. 

БАҚ-та жарияланған, мемлекеттік ұйымдардың сайттарындағы мәліметтерге  сүйенсек,   Сирия мен Иракқа елімізден 2550 адам кеткен екен. Олардың 1130-ы соғыс барысында ажал құшқан. Соқыр сенім, жалған діннің кесірінен олардың сүйегі көмулі-көмусіз қалғаны, ит-құсқа жем болған-болмағаны белгісіз. Артында ағайындары, ата-анасы, туыс-бауырлары қалды аңырап... Бұл қандай бақыт? Бұл қандай сенім? Бұл қандай иман? Исламның апарар жолы, жеткізер бақыты осы ма еді... 

Басқасын былай қойғанда, шынайы исламда ата-анасына қарсы шықпақ түгілі, туһ деп айтуға болмайды. Ата-ананың ақ батасын алып, разылығына ие болмаса өмірінің мәні жоқ деп есептейтін, ғасырлар бойы осы ұстанымда ғұмыр  кешіп, байтақ жер Қазақстандай елі бар сол бабалардың бүгінгі ұрпағы неге адасып жатыр? Әрине, сол жаңағы теріс пиғылды, қара ниетті діни теріс ағымдардың кесірінен... Адасушылардың көбісі ата-анасының рұқсатын алмағандар. Ата-ананың разылығын алуды дін мамандары қалай түсіндіреді? ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі,  Хасан Аманқұлов: «Ата-ананың рұқсатынсыз ел аттап, басқа жерге барып, тырнақшаның ішіндегі «жиһад» деп, соғыстарға қатысатын болса, ол адам күнәһар. Бұл шариғатқа қайшы іс-әрекет жасалған болып есептеледі» Нағыз исламда, шынайы мұсылмандықта, мейлі ата-анасы басқа дінде болса да, оған қарсы шық деген сөз жоқтығын дұрыс жолдағы дәстүрлі исламның кез келген өкілі, нағыз мұсылман  растайды.

Бүгін – қолыңдағы нақты факті, дәйек пен дәлел, дерек сөйлейтін заман.  Мемлекеттік «Жусан» операциясымен елге жеткізілген 524 қазақстандықтың  357-сі кәмлетке толмаған балалар екен. Бұл балалардың не кінәсі бар? Олардың еркіне кім көңіл бөлді?  Дүние есігін аша салып, тағдырдың тәлкегіне ұшырайтындай олардың қандай жазығы бар? Тағы да сол деструктивті топтардың кінәсі мен күнәсі. Бұл статистиканы санмен көрсетіп,  айта салу оңай. Бірақ олардың әрқайсысы бір-бір тағдыр ғой. Солардың біреуін ғана алайықшы. «Жусан» оперциясымен Шам елінен жеткізілген жасөспірімдердің ересегі –  он бес жастағы  Нұрила есімді қыз. Қазір әжесінің қарауында. Анасы Шам жерінде қалған. Оның күйеуі теріс ағымның мүшесі екен. Нұрила балалық шағының балдәуренін татып, бақытты ғұмыр кешуге тиіс еді. Бірақ деструктивті діни топ мүшесі, өгей әкесінің кесірінен Сирия асып қаншама азап шегіп, қиындық көрді. Он екі жасында  бүлдіршін қызды Шерзат деген содырға әйелдікке берілген. Ол жақта жасөспірімдердің содырға әйелдікке берілуі қалыпты жағдай екен. Содырлар көзіне түскен жасөспірім қызды зорлап, ұлды қорлайтынын айтады. Мұның қай жері мұсылмандық? Исламда мұндай опасыздық жоқ. Ислам – мейірім діні. Өсіп келе жатқан бүлдіршінді аяусыз қорлау мен зорлау дінсіздің ісі. Нұриланың айтуынша, күнде қорқынышпен, содырдың қас-қабағына қараумен өмір сүрген. Өмір сүрген дейміз-ау, анығында азап шеккен. Сол күндерді ойласам жылағым келеді, бірақ көз жасым шықпайды, таусылған дейді. Қорлық, зорлық Нұриланы есейтіп жіберген... Шешесі сол Сирияда қалып қойған. Ал Нұрила келіп тұрған мүмкіндікті кері теппей, елге қайтқан. Ал әжесі көз жасын көл етіп, қызының мұндай жолға түскенін түсінбей басы дал. Ел аман, жұрт тынышта қызының ел кезіп, соғысқа кеткенін мүлде түсінбейді. Мынандай бейбіт өмірдегі тып-тыныш Қазақстанды қалай ғана қиып кеткеніне миым жетпейді деп бейшара ана көкірегі қарс айрыла күрсінгеннен, көз жасына ерік бергеннен басқа қолынан келері жоқ.  Ол қызының күйеуін кінәлайды... 

Біздің айтарымыз кеш түсініп, өкінгеннен гөрі, кез келген уақытта аяқты аңдап басып, ақылмен әрірек ойланған жөн. Қойдың терісін жамылған қасқыр құсап, исламның атынан теріс бағытқа жетелейтін деструктивті топтардан сақ болайық. 

Қанша жерден қателік жасаса да, мемлекетіміз адасқандарды елге қайтарып, оларға психологиялық көмек, моральдық қолдау көрсетуі әлемдегі талай елге үлгі болып отыр. Сирияға теріс ағымның жетегімен адасып кеткендер біздің елімізде ғана емес, көптеген елдерден кездеседі. Мысалы үшін Ирак пен Сирия елі шетелден келіп, соғысқа араласқандарға  өлім жазасын кесіп,  үкім шығарған. Ел-жерін тастап, адасқандардың алдында өлім жазасы тұр еді, мемлекетіміз оларды құтқарып қалды. Әрине, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген бар. Бүгінгі бүлдіршінге көмек қолын созбай, күл болмасаң бүл бол деп, мемлекет тырс етпей жатып алса не болар еді? Адасып барған аз ғана топтың балалары көздерін соғыспен ашып, соғыстың ортасында ұйықтап,  мылтықтың даусынан оянғанын  олардың үрейлі жүзінен байқау қиын емес. Кішкентайынан қырғынды көріп өскен бала өскенде қандай болады? Психикасы ауытқиды. Оларды кейін өз елінің тыныштығын бұзуға пайдаланбайтынына кім кепіл? Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттің жасап отырған әрекеті, яғни, «Жусан» операциясы елдіктің жолы деуге болады.

Қазір қарап отырсаңыз, әлеуметтік желіде ойланбай неше түрлі жаза салатындар көбейді. Елдің ертеңі, мемлекетіміздің болашағын ойласақ, әрбір сөзімізді санап сөйлеп, әрбір қадамымызды аңдап басуымыз керек. Ел ішіндегі берекені қашырып, тыныштықты бұзып, айрандай ұйып отырған елді бүлдіруге ұмтылған ұры ниетті топтар көп. Соның бірі осы исламның атын жамылған деструктивті топтар. Өзара талас-тартыс, дау-дамайға беріле бермей, интернет арқылы тарап жатқан деструктивті топтардың ақпаратына тосқауыл болайық! Интернеттің мүмкіндігін молынан пайдаланып жүргендерден сақтанайық!  Сақ болайық!   
                                                                                   

Еділ  АНЫҚБАЙ
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары