Ата-ана ажырасқан кезде салмақ баланың жүрегіне түсері сөзсіз. Ана мейіріміне бөленіп өссе де, бала әкесін өмір бойы аңсап отырады. Алматы облысының тұрғыны Гүлфайруз Имармұхамадиқызы 30 жыл көрмеген әкесін іздеп тапты.
Гүлфайруз Имармұхамадиқызы Әйтілбаева "Қымбат жанжар" бағдарламасына әкесін іздеп хат жазған.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылынан келген Гүлфайруз Әйтелбаева әкесі Имармұхамади Ушуровты іздейді. Бағдарламада 30 жыл көрмеген әке мен қызы кездесті.
Имармұхамади Алматы облысы Панфилов ауданының тұрғыны. Жары Нұримахан екеуі 4 қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Қыздарының алды тұрмысқа шығып, жиен сүйіп отырған жандар. "Жақсы қыз - жағадағы құндыз" дейді халқымыз.
"Мен әйеліммен ажырасып кеттім. Кейін ол екінші рет тұрмыс құрды. Сондықтан араласпайын деп арамыз алшақтап кетті. Арада бір қыз қалды. Анасы қызым өмірге келмей тұрып менің тегімді беретінін айтқан. Қызымның мені іздеп жүргенін естіп жүрегім елжіреді. Оның тағдырын естідім. Гүлфайруз қызым, мен сені әрқашан отбасыма қабылдауға дайынмын. Сен туралы естігенде қатты толқыдым. Дәл қазір қайда екеніңді білмеймін. Сенің бақытты болғаныңды қаламаймын", - деді әкесі Имармұхамади Ушуров.
Гүлфайруз әкесін 30 жыл көрмеген. Ушуровтың қазіргі жары Нұриханның да қуанышында шек жоқ. Жолдасының қызы туралы жаңалыққа қуанып, енді біздің 5 қызымыз бар деп отыр. Күйеуінің тағы бір қызы барына ренжімейді, керісінше қызы туралы айтпаған жолдасына өкпелі.
"Бастапқыда сене алмай жүрдім. Кейін қыздарыммен ақылдаса келе, Гүлфайруздың кінәсі жоқ деп шештік. Қабылдайық, кездесейік деп шештік. Бұл жолдасымның менімен үйленгенге дейінгі тағдыры. Сондықтан қыздың кінәсі жоқ", - дейді жары.
Имармұхамади Ушуров қызынан кешірім сұрады. Қуанышында шек жоқ екенін айтып, Аллаға шүкіршілік етті.
"Қызымнан кешірім сұраймын. Өте қуаныштымын. Алланың сыйы ғой. Менің енді бес қызым бар. Жарыма рахметімді айтамын. Қандай қиындық болмасын мені қолдап жүреді", - деді ол.
Гүлфайруз қанша жыл өтсе де әкесімен табысқанынан риза. Бағдарлама қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
"Ақыры таптым-ау, әкемді таптым, бақыттымын", - деді Гүлфайруз.