"We Are Social" халықаралық агенттік сарапшыларының айтуынша, əлеуметтік желілердің ай сайынғы аудиториясы төрт миллиард қолданушыға жеткен. Демек, əлем халқының 53 пайызында бүгін интернет-профиль бар. Зерттеуге сəйкес тек соңғы бір жылдың өзінде 450 миллион адам əлеуметтік желілерге қосылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Болашақта Facebook, Twitter жəне тағы басқаларға күн сайын екі миллион жаңа қолданушы қосылады. Бұл секундына 14 адамды құрайды», – дейді зерттеу авторлары. Instagram əлеуметтік желісінің аудиториясы тіпті өте жылдам өскен: соңғы 3 айда ол 76 миллион жаңа қолданушымен толығыпты.
Соңғы кезде жүргізілген жап-жаңа зерттеу қорытындысын сөз етуіміз бекер емес. Себебі, бүкіләлемдік пандемия өзінің жаңа ережесін жүргізуде. Соған сәйкес қазір өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған дүние бар. Ол – ғаламтор кеңістігі, әлеуметтік желілер, онлайн режим немесе қашықтан өмір сүру стилі. Бәрін басқарып тұрған – жалғыз ғана интернет. Бәріміз оны түрлі мақсат-мүддеге пайдаланудамыз. Әлеуметтік желілер арқылы тауар айналымы, алып-сату, үйде отырып тапсырыс беру, қашықтан білім алу секілді мүмкіндіктер ашылды. Дегенмен, дәл осындай шексіз мүмкіндіктің шегін білмейтін болсақ, оның зардабы да жоқ емес. Өйткені, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына қарасты ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, философия ғылымының кандидаты Жанна Қаңтарбева дәл осы мүмкіндікті көптеген жат ағымдар да барынша молынан пайдаланып жатыр дейді.
Қазір әлеуметтік желі, интернет кеңістігінің белсенділік алып жатқан кезі. Тіпті кибер кеңістік деген сөз айналымда бар. Ол – виртулды әлем. Бүгінгі біздің өміріміздің жартысы осы әлемге еніп үлгерді. Интернетті адамдар түрлі мақсатқа пайдаланып жатыр. Мәселен әр түрлі діндердің миссионерлік жұмысы да қызу жүруде. Киберкеңістіктің бүгінгі күні адамдарды дінге тарту жолдарында берер дүниесі көп. Мәселен, виртуалды қажылық жасау, виртуалды түрде құлшылық рәсімдерін орындау, өз ілімдерін онлайн таныстыру деген сияқты киберкеңістіктің мүмкіндіктері мол болып тұр. Көп жағдайда интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілерді тұтынушы аудитория – жастар. Сондықтан да діни қозғалыстардың, экстремизм идеологтарының көздейтін объектісі де осы жастар, – дейді Ж.Қаңтарбаева.
Қазіргі кезде кітапқа жүгініп немесе туған-туыстарынан сұраудың орнына, қандай да бір өмірлік мәселесі бар не қиын жағдайға тап болған жастардың әлеуметтік желілерге жүгініп, сонда тікелей сұрақ қою деген жағдайлар кең етек алған. Сондықтан болар жастар әлеуметтік желіні жиі пайдаланады. Маманның айтуынша бұл бір жағынан жастардың фрагментарлы клиптік ойлау қабілетімен де байланысты. Ал фрагментарлы ойлауды діни ағымдар, діни қозғалыстар, экстремизм идеологтары жиі пайдаланатын көрінеді.
Жат діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті форматта беріледі. Мәселен, олар белгілі бір қасиетті жазбалардағы, яғни Құран, Інжіл болсын бір үзінді кесіп алып, соны ғана ұсынады. Ол жерде «мына ғалымдар осылай деп айтты, солай деп есептеген» деген секілді сөз тіркесін пайдалану арқылы ақпаратқа дәйектеме берген сияқты көрінеді. Ал қазіргі жастардың қабылдауына түсінікті, дәйекті болса жеткілікті. Олар іздеп, ар жағын қазбалап жатпайды. Сондықтан олар көбінесе дайын ақпаратты қабылдап алады. Мысалы, жиһад сөзі фрагментарлы ойлауда жиі пайдаланылады. Қалай дейтін болсақ, жат ағымдар оны дінсіздермен, кәпірлермен күрес деп ұсынады. Бірақ оның ар жағындағы түсіндірмелер, үлкен жиһад пен кіші жиһад деп бөлінуі жайлы сөз жоқ. Жиһадтың түрлері өте көп. Үлкен жиһад өз нәпсіңмен күресу деген мағына берсе, кіші жиһад дінсіздерді дінге тарту.
Жиһадтың тағы басқа түрлері бар, мәселен, жүрек жиһады, көз жиһады, тіл жиһады бар. Яғни барлық жағдайда адам алдымен өзінің мінезіндегі кеселмен күреседі. Бірақ мұндай түсіндірмелер экстремистік идеология өкілдерінің аузынан шықпайды. Әдетте олар қысқа ғана үзінділер ұсынады. Оның өзі «мынадай ғалымдар бүй деген» деп айту арқылы адамдарды сендіреді. Жастарда көбіне еліктеушілік фактор бар және оларға «мынадай ғалым айтты» деген тіркестің өзі аргумент секілді көрінеді. Сондықтан олар көбіне естіген ақпаратты ешбір сыни көзқарас, аналитикалық көзқарассыз қабылдап алып жатады, – деп түсіндірді маман.
Ал клиптік ойлау дегеніміз не дегенге тоқталсақ, ғаламторда ұсынылатын контенттер осы клиптік форматқа тән. Яғни, бір қарағанда сондай әдемі, көрнекі, адамдарға тартымды болып беріледі. Бұл жерде көзделетін мынадай фактор бар. Ол – адамдарды дискуссияға, әңгімеге тарту. Ол бірінші кезекте сіздің әлеуметтік желідегі парақшаға кіріп, белсенді болуы мүмкін. Одан кейін сіз оның парақшасына жазыласыз. Осылай адамдарды әңгімеге тарту көзделеді. Бұл ең бір ұтымды әдіс-тәсіл. Себебі, дискуссия барысында адамда түрлі сұрақтар туындайды, сонда олар айналып келіп, адамды дінге алып келуі әбден мүмкін.
Дискуссияға тарту түрлі факторлармен болады. Кейбір адамдар рухани ізденіс үстінде жүруі мүмкін. Міне, солар әлеуметтік желілерде сұрақ қояды. Өмір, неке қию, күнә мәселесі секілді діни мазмұндағы сұрақтар өте жиі қойылатын сұрақтардың қатарында. Соларға бірінші жауап беретін ең алдымен бұл – діни ағымдар. Әсіресе, жат пиғылды діни ағымдар. Және олардың құрығына бірінші түсетін – жастар мен жасөспірімдер. Себебі, олар өте сенгіш, ізденімпаз келеді. Жасөспірімдерде жастық максимализм басым болады. Өздерін тұлға ретінде айқындау және қоғамнан талап ету, әке-шеше тарапынан түсініспеушілікке тап болуы, өздерін тұлға ретінде көрсеткілері келуі жастар мен жасөспірімдерді ізденіске салады. Соның барысында олар белгілі бір субмәдениеттер не осындай жат пиғылды діни ағымдардың ықпалдарына түсіп кетуі әбден ықтимал. Себебі, олар кез келген ақпаратты ақиқат ретінде қабылдайды және барлығын ақ, қара деп қана бөліп қарайды. Ал жат ағым өкілдерінің өте мықты психолог екенін айта кеткен жөн. Олар өте шешен, кез келген адамды сендіре алу қабілетіне ие. Сондықтан шешен сөйлеген адмның бәрі білімді, ақылды және тура жол көрсетіп отыр деген аңқау сезімге берілмеген жөн.
Жат ағымдар ғаламтор бетінде тағы қандай контент ұсынады дейтін болсақ, ол тұрмысқа шықпаған, отбасы жоқ қыздарға арналған танысу сайттары. Онда барынша олардың эмоциясына әсер ететіндей контент дайындалған, сұхбаттар жүргізіледі. Сонда қыздардың көбінде күмән тумайды. Сондықтан мұндай сәттерде қырағылық пен суық ақылды қосқан жөн дейді мамандар.
Интернетте тағы бір ұсынылатын контент – ол қайырымдылық жасау, көмек беру. Бүл да көбіне жастарға ұнайтын фактор. Өйткені, оларда өзін батыр сезіну факторы бар. Кейбір қыз балалардың Сирияға біреуге көмектесу, жәрдем беру мақсатымен ғана кетіп қалу жағдайлары болған. Сондықтан біреуге көмектесіп жатырмын деп танымайтын адамдардың айтқандарына көзсіз сену не біреудің айтқанына еріп кете бермеңіз.