$ 494.87  520.65  4.91

Соқыр сенімнен опық жеген Фатиманың тағдыры

Адамның арбалатыны соншалық олардың айтқанынан шықпай қалады екен. Ол кезде Фатиманың отбасы Түркияда тұрыпты. Түркиядан Сирияға өтіп кеткен. Өз айтысы бойынша ол Сирияда  әйелдер үйінде тұрған. Ол жерде өзі сияқты жүздеген қыздар болған. Күйеулері ол жерден қажет кезінде  алып кетіп тұрған.
фото: adaspa.kz
фото: adaspa.kz

Бүгінде интернет бүкіл тіршіліктің тетігіне айналды.  Интернетсіз өмір қызықсыз. Интернеттің пайдалы жағы көп болғанымен, зияндылығы да аз емес.  Әсіресе, діни теріс ағымдардың әзәзіл әрекеті осы интернет арқылы жүзеге асып жатыр. 

Әзәзіл әрекет дегеніміздің алдау, арбау екені белгілі ғой.  Діни теріс ағымдар әзәзілдігін адамдармен әлеуметтік желі арқылы байланыс жасап жүзеге асырады. Желіде сөйлесудің түрлі тәсілін меңгерген олар жылы сөйлеп, арбап, негізгі жымысқы ойын білдірмейді. Алғашында адамның сенімі мен көңілін жаулайды. Әдемі әңгімелер айтады, әсерлі сөздер арнайды, құрбандығының психологиялық осал тұсын аулайды. Көңілін тасытып, көзін байлайды, санасын улап, ақылын жайлайды. Жауқазындай жас қыздарымыз құлпыратын шағында осындай қулықтың құрығына түсіп жатқаны өкінішіті-ақ. Мысалы үшін жақында ғана Батыс Қазақстан облысында 15 жастағы қыз жоғалып табылды. Ата-аналары аяқ асты жоқ болып кеткен қыздарын бір күннен кейін іздеп, полицияға хабарлаған. Жергілікті полицияның іздестіруімен жоғалған қыз табылды. Ол заңсыз шариғат жолымен неке қидырған. Еліміздегі бекітілген заң бойынша неке қию  АХАЖ бен ҚМДБ-ның арнайы және ресми өкілдерінің қатысуымен өтуге тиіс. Бұл  некеде ондай заңдылық қағидаттары сақталмаған. Жергілікті полициялар ата-анасының рұқсатынсыз тұрмысқа шыққан қыздың осы әрекеті және сыртқы келбеті  теріс діни ағымның белгілерінен хабар беретінін айтқан. Ол қара түсті пәренжемен тұмшаланған, жақындарының барлығымен қарым-қатынасын үзген.  Демек, жас қыздың миын улап, санасына теріс діннің соқыр сенімін құйып тастаған. Жергілікті полиция күдікті азамат кәмлетке толмаған қызды алдап, жыныстық қатынасқа түсуі де  мүмкін екенін айтады. Егер күдік расталса, ол азамат Қазақстан республикасы Қылмыстық кодексінің  122 тармағы 1 бөлімі бойынша жазаға тартылады. Ол заңда «Кәмлетке толмаған адаммен жыныстық қатынас,  жалған неке немесе лесбияндық,  нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер» 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады делінген  дейді жергілікті полиция бөлімі таратқан ақпаратта. Мұндай жағдай Батыс Қазақстанда ғана емес, еліміздің әр өңірінде болуы, жүздеген  жасөспірім зардап шегуі мүмкін. 

Мемлекеттің экстремизм мен терорризмнің алдын алу, деструктивті топтардан сақтану бойынша жасап, ұйымдастырып жатқан әрекеттері мен шараларынан кейін талай тағдырдың басынан кешкен қиын да қилы оқиғалары анықталып, адасушылар қателігін мойындап, қатарға қосылуға талпынып жатыр. Атап айтқанда Алматы қаласы Дін істері басқармасының бұл тұрғыда істеп жатқан жұмыстары жетерлік. Басқарма жанынан «Дін мәселелерін зерттеу», «Оңалту» орталықтары, үгіт-насихат мүшелері топтасқан, әлеуметтік желілерде түсіндіру, анық ақпарат тарату, сұхбат, лекция оқу парақшалары ашылған. 

Алматы қалалық Дін істері басқармасы бақылауға алған Фатиманың басынан кешкендері де оқырмандарға сабақ алатын жағдай. Фатима да он бес жасында діни теріс ағым идеологиясына шырмалған.  Басы интернеттен басталған, яғни, әлеуметтік желіде танысқан. Таныстық ұласып, күйеуге шығуға ұсыныс жасалған. Интернетпен тілдесіп, суретін көргені болмаса, бірде-бір рет жолықпаған ол Фатимаға бәрін тастап, маған кел деген. Фатима ата-анасына айтпастан кете барған. Теріс дінге үгіттеушілер  құрбандығын ата-анасына қарсы қояды, жақындарының арасын алшақтады,  суытады. Адамның арбалатыны соншалық олардың айтқанынан шықпай қалады екен. Ол кезде Фатиманың отбасы Түркияда тұрыпты. Түркиядан Сирияға өтіп кеткен. Өз айтысы бойынша ол Сирияда  әйелдер үйінде тұрған. Ол жерде өзі сияқты жүздеген қыздар болған. Күйеулері ол жерден қажет кезінде  алып кетіп тұрған. 

– Мен ол жерге барғанда ештеңе білген жоқпын.  Күйеуім маған ашып ештеңе  айтқан жоқ. Ол кезде мен оң-солымды танымаған жас едім. Алғаш бара салғандағы көрініс маған ұнамады. Өйткені ол қару асынып жүрді, жанындағылардың бәрі қарумен еді. Қорықтым. Ол маған бұл қару қауіпсіздік үшін ұсталатынын айтып түсіндірді-дейді Фатима. Фатима қандай қалада болғанын, ол қалада қанша адам барын нақты айта алмайды. Байқағаны қанды соғыстың ішінде жүргенін анық біліпті. Бомбалау, қирату, аштық, өлім көз алдында өтіп жатқан. – Бір есімде қалғаны-дейді, Фатима. - Үйіме қатты қайтқым келді. Өйткені біздің тұратын үйіміз жоқ-тын. Окоп қазып, палаткада тұрдық. Сол күні біз жақты тоқтаусыз атқылады. Арқасы оқтан тесілген баланы көз алдымда көтеріп жүрді. Жараланған баласын ауруханаға апарамын деп алып кеткен әкесі бір уақытта өзі ғана келді. Бала жоқ. Сол кезде өз балам үшін қатты қорықтым. Өйткені менің балам да сондай жағдайда қалуы мүмкін еді және исламда ерлі-зайыптылар арасында шыдамдылық қажет. Аяқ асты ажыраса салуға болмайды ғой, бірақ ол жақта ажырасу оңай. Тез ажырасып, тез үйленеді. Олар бізге ислам мемлекеті үшін аяғына дейін күресеміз деп үгіт жүргізетін. Менің күдігім күннен күнге көбейе берді. Әрекеттері күдік туғыза берді. Қазір ол күрестерінен түк қалған жоқ. Көбісі айдалада ажал құшты.  Менің айтпағым, есті алған елеске сеніп, ешқайда кетудің қажеті жоқ. Мен алдандым, сеніп қалдым. Ол жағынан олар өте әккі. Алданып қалмаңыздар. Туған жеріңе, өз еліңе ештеңе жетпейді».

Алғашында бәрі де жақсы болып көрінеді. Еш зияны жоқтай сезіледі. Интернет арқылы өзіне тірек тапқысы келіп, жылы сөзге сеніп алданған  нәзік жандылар Қазақстанда ғана емес, сонау Еуропада, Ресейде жетіп артылады. Барлығының теріс діни ағымдарға сеніп қалған қателігі мен алдануы ұқсас. Уәдені үйіп төгіп, бүгіні мен болашақ өмірін кереметтей көрсететін адастырушылардың айтқаны тек интернетте жазылған арман күйінде қала береді. Шын мәнінде теріс дінге сенгендердің көргені қиындық, кешкені азап. 

Сорақысы содырлар уақытша неке қиюды құрбандықтарына сендіріп бағады. Оны өздері ойлап тапқан ислам қағидаларымен дәлелдейді. Шындығында уақытша неке деген бар ма? Төлебай мешітінің найб имамы Саят Хасеновтің пікірін келтірейік: «Уақытша неке. Жалпы уақытша неке дегеніміз не? Ер адам әйелге мен сенімен екі немесе үш айға үйленемін дейді екен. Ал әйел оған келісім береді-мыс. Төрт масһабтың да ғұламалары мен ғалымдары бұл некеге тиым салған. Өйткені некеде ешқашан уақыты көрсетілмейді. 

Міне, Фатима интернет арқылы  жалындаған махаббатқа сенемін деп азапқа түсті. Ол азаптан қиындықпен шықты. Өкініштен өзегі өртенеді. Өмірін  өксікке толтырды. Қанша қайғырып жылағанмен бейкүнә кезі қайтып келмейді. Басының амандығына тәубе етеді. Басқалардың қателеспеуін тілейді. Біз де сақтануды қалаймыз. Жылтыр сөзге сеніп, жылы айтылған арбауға алданып қалмаңыздар. Абай болыңыздар! 
 

 (Мақала TAUNEWS материалдары негізінде дайындалды)
                                                               Еділ   АНЫҚБАЙ   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары