Осыдан бір апта бұрын Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен 15 жасар оқушы қыздың заңсыз түрде бөтен ер адаммен некелесіп және түрін көрсетпей паранджамен бүркеп алғаны туралы ақпарат жаңалықтарға шыққан болатын. Ер адамның дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатынын және қыздың өз туған-туыстарымен қарым-қатынас үзуге тырысқаны анықталған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жағдайдың мән-жайын тексеру барысында кәмелетке толмаған қызбен неке қидырған жігіт тек қана «шариғат» заңына ғана бағынған. Яғни, қыз тарапынан заңды өкілдерден ешкім жоқ және неке қидыру сәтінде ресми мешіт өкілдері не имамдар да болмаған. Бұл әңгіменің төркіні – белгілі бір қылмыстық әрекеттерді жасыру үшін кейбір топтардың дін атын жамылып жүргенін оқырмандарға жеткізу.
Соңғы жиырма жылды алар болсақ, әлемдік сахнада ислам дініне дақ түсіру жағдайы жиілегенін көреміз. Біздің бұл сөзімізді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Жанна Қаңтарбаева да құптайды.
– 2000 жылдардан бері әлемді дүрліктіріп, өзінің террорлық актілерімен танылып жатқан ол – неоисламдық ағымдар. Бұлар әрине ислам дініне үлкен дақ түсіріп отыр. Соның нәтижесінде әлемде, әсіресе, Еуропа халықтарының арасында исламофобия деген феномен қалыптасты. Исламға адамдардың негативті қарым-қатынасы орнай бастады. Мұның барлығы деструктивті ағымдардың іс-әрекетінің нәтижесі. Бүгінгі күнгі онлайн режимдегі өмір, виртуалды әлемнің басымдылығы миссионерлік, дінге тарту, дағуат, вербовка жұмысын күшейте түсті. Халық арасында жүргізбесе де, олар әлеуметтік желі арқылы осындай жұмыстарын жүргізіп отыр. Дінге тарту қармақтарына әдетте рухани ізденіске зәру, діни сауаттылығы жоқ жастар түседі. Психологиялық әлсіз, әлеуметтік бір қиын жағдайда жүрген, яғни жұмыссыз қалған, әлеуметтік ортада өзін таба алмай жүрген жастарымыз деструктивті ағымдардың ықпалына түсіп қалып жатады, – дейді Ж.Қаңтарбаева.
Осы жерде деструктивті сөзінің мағынасына тоқтала өтейік. «Деструктура» құрылымды қирату деген мағына береді. Бұл ағымдар қалыптасып қалған құндылықтарды, қалыптасып қалған ұстаным, қағидаларды, мемлекетті, ұлттық дәстүрлерді құртуға бағытталған.
– Яғни, бұл деструктивті деген бағаны біз сырттай олардың іс-әрекеттері, жасаған террорлық актілері, тоталитарлық жүйелері, адептері яғни дінді ұстанушыларының зардап шегуіне қарай сыртқы факторларына қарап деструктивті деп баға береміз. Мұндай сипатқа неохристиандық, неопротестанттық пен неошығыстық діндер де ие болуы мүмкін, – дейді маман.
Ислам дініне дақ түсіріп отырған неоисламдық бағыттағы діндердің түп негізінде фундаменталистік идеялар жатыр. Ол идея радикализм мен экстремизмге итермелеп отыр. Дегенмен, ол тек неоисламдық ағымдарға ғана тиесілі баға емес, мұндай сипатқа жаңа протестанттық, жаңа шығыстық ағымдар да ие болуы мүмкін. Сонымен қатар, деструктивті әрекеттерімен көзге түспеген жаңа діни ағымдарды алар болсақ, қайсының болсын белгілі бір көздеген мақсаттары бар. Ол қаржылық мақсат болуы мүмкін, ол геосаяси мақсат немесе идеологиялық мақсаттар көздеуі мүмкін. Қайсыбірін алсақ та олардың іштей көздеген мақсаты бары анық.
Деструктивті ағымдардың белгілері:
Бірінші белгі – индивидті торға түсіру белгісі. Ол әдетте адамның өмірін толық қамтып, діни ілімнің ақиқаттық деңгейімен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді. Неге олай сипатталады? Себебі, оқшауланған адам әдетте ішкі жан-дүниесінде депрессия, психологиялық күйзелісті кешіреді. Деструктивті діни ағымның ықпалына түскен жастар әдетте оқшаулану факторына кезігеді. Ол адамда ішкі психологиялық ауытқулардың тууына себеп болады. Оқшау өмір сүріп жатқан адам әдетте қоғамға өкпелі болады. Қоғам тарапынан оны ешкім түсінбейтін сияқты көрінеді. Ондай адамдарда ішкі жан-дүниесіндегі әлеуметтік әділетсіздікке деген өкпе-реніш өрши түседі.
Барлық нәрсені ақ, қара деп бөлу, біздікі және жаулар деген сияқты шекаралық қарым-қатынас қояды. Мұндай жағдайда оларда ішкі күйзеліс туындайды, осындайда олар әдетте қолдауды өздерінің рухани ұстаздары, діни көсемдерінен, діни идеологтардан іздей бастайды. Олардың осы күйін толықтыруға олардың рухани көсемі ықпал еткендіктен, ұстаздың айтқанын күмәнсіз қабылдап, шүбәсіз орындауға тырысады. Бұл діни фанатизмге алып келуі және террорист патриотты қалыптастыруы мүмкін. Неге террорист патриот? Себебі, ол санасына діни идеологияны сіңіріп алғандықтан террорлық әрекет жасауда ештеңеден тайсалмайды. Бұл – ең қауіпті адамдар. Мұны жасайтын деструктивті ағымдар, олар үшін мұндай адамдар өте тиімді. Себебі, оларды басқару өте оңай. Оларды өз ыңғайына қарай бұрып алып отыруға болады.
Әбден діни идеологияға уланып, қармаққа түскен адамдар үшін құндылықтар өзгере бастайды. Ата-ананың орнын діни ұстазы, діни көсемі, діни идеологы басады. Ал туған-туыс, бауырдың орнын жамағаттағы бауырлар басады. Міне, осылай индивидуалдық сипаттағы белгілер жойылады.
Егер жоғарыда кәмелетке толмаған қыздың жағдайын еске алсақ, оның туған-туыстарымен қарым-қатынасты түбегейлі үзуге тырысуы құндылықтарының өзгергенін көрсететін секілді.
Екінші белгі – деструктивті ағымдар зайырлы мемлекетке, зайырлы өмір салтына қарсылық танытады. Оның басты себебі, теократиялық мемлекетті құру, шариғатқа негізделген ислам халифатын құру.
Үшінші белгі – мемлекеттік рәміздер мен мерекелерді құрметтемеу, тойламау. Бұл – отансүйгіштікке, елін, халқын құрметтеуге оппозициялық ұстаным. Деструктивтік әрекетпен көзге түспесе де, кейбір неопротестанттық және неошығыстық ағымдардан біз оны байқаймыз дейді маман. Олар өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына мемлекетті қорғау, отансүйгіштік сезімін сіңіру дегенге түбегейлі қарсы. Ертең сонда Отан қорғайды деп біз кімдерге сенім білдіреміз, кімдерге арқа сүйейміз? Бұл біздің мемлекетімізге төніп тұрған қауіп. Себебі, олар антипатриотизмді қалыптастыруда. Патриоттық сезім, өзінің отанына деген махаббат өзіміздің ұлттық болмысымызға тән құндылықтарды құрметтеуден басталады.
Төртінші белгісі – мазхабтарды, оның ішінде Қазақстандағы көпшілік мұсылман ұстанатын Ханафи мазхабын жоққа шығарады. Орталық Азия өңірінде ханафи мазхабы кең тарағанын білеміз. Бұл әдетте деструктивті неоисламдық ағымдарға тән белгі. Себебі, оларда таза исламдық мемлекет құрамыз деген фундаменталистік көзқарас бар. Олар сонау Мұхаммед пайғамбар дәуіріндегі мәдениетті негізге алады. Бұл біздің болмысымызға, табиғатымызға мүлде жат нәрсе. Ислам діні сонау қазақ топырағына келгеннен бастап ханафи мазхабымен таралғаны аян.
Сөз соңында ерекше бер ескертіп айтатынымыз, көшеде, әлеуметтік желі не қоғамдық орындарда, ғаламтор беттерінде бейтаныс адаммен дін төңірегінде әңгіме, сұхбат құрмағаныңыз жақсы. Егер сізде діни сауат төмен болса, қалай құрыққа түсіп қалғаныңызды білмей қаласыз. Ал егер дін төңірегінде сауал болса, оны елімізде ресми түрде жұмыс істейтін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының azan.kz, muftyat.kz, islam.kz ресми сайттарына кіру арқылы қойсаңыз болады. Сондай-ақ, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының инстаграм, фейсбук, в контакте әлеуметтік желілеріндегі ресми din_almaty парақшасына кіруге болады.