02.12.2020, 12:20

Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көбейеді

фото: informburo.kz
Ұлттық жоспар шеңберінде министрлік азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша заң жобасын әзірледі. Заң жобасы 80-нен астам нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізуді көздейді.

Бұл туралы өткен онлайн отырыс кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады, деп хабарлайды Baq.kz.

"Министрлік әлеуметтік қызметтерді жаңғырту бойынша дұрыс саясат жүргізуде. Бүгінде медициналық әлеуметтік мекемелердің саны 931-ге жетті және 122 мың адамды қамтиды. Осы мәселеге қатысты "Әлеуметтік қызметті жаңғырту бойынша" ұлттық жоспарын және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу тұжырымдамасы әзірленіп жатыр", - деді министр.

Медициналық әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар іске асырылуда. 

"Әлеуметтік жұмыста әлеуметтік қызметкерлерге негізгі рөл беріледі. Осыған байланысты UNICEF пен Елбасы қорының қолдауымен бүгінге 12 мың әлеуметтік қызметкерді тестілеу және оқыту басталды. Үкімет тарапынан әлеуметтік қызметкерлер жалақысын кезең-кезеңімен арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа әлеуметтік кодекте әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыруға бағытталған нормалар жеке айқындалады. Ұлттық жоспар шеңберінде министрлік азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша заң жобасын әзірледі. Заң жобасы 80-нен астам нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізуді көздейді. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге қатысты Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген 10-нан астам тұжырымдамалық толықтыруларды қамтиды. Айта кетсем, мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындамайтын жұмыс берушілер өтемақы жарналарын енгізу, барлық бірінші топтағы мүгедек жандарға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы енгізу, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедек топтары бойынша бөлу және жәрдемақы мөлшерін қайта қарау, мүгедектікті және асыраушысынан айырылу бойынша жәмдемақыларды бірге алу құқығын беру", - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.