$ 498.34  519.72  4.85

Рамазан айында далада қалған көпбалалы анаға қайырымды жандар үй әперді

Павлодар облысында үйі өртеніп, бес баласымен далада қалған көпбалалы анаға қайырымды жандар үй сатып әперді деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Шарбақты ауылының 40 жастағы тұрғынына жаңа баспананы павлодарлық кәсіпкерлер сыйға тартыпты. Жомарт жандар өздерінің кім екенін айтудан да бас тартқан. Көпбалалы ана олардың тек есімдерін ғана есте сақтағанын айтып отыр.

"Біреуінің есімі - Александр, екіншісі - Руслан. Екеуі де Павлодардың кәсіпкерлері. Олар маған үйді сатып әперді. Екеуі туралы өзге ешқандай ақпарат білмеймін", - дейді Эльмира Жасыбаева. Меценаттар өздерін жарнамалау үшін келмегенін, мұқтаж жанға шынайы көмектескісі келетінін айтқан. Олардан бөлек тағы ондаған адам Жасыбаевтар отбасына қол ұшын созып, қиналған сәтте жандарына медеу болыпты.

"Хабарласқан адам санында есеп болған жоқ. Қолдау көрсетті, ақша аударды. Мирас есімді жас жігіт ерікті азаматтармен бірге келіп, тоңазытқыш пен электр плитасын беріп кетті. Роман, Жанат, Сәбиден және Тимур есімді павлодарлық жігіттер азық-түлік, киім, балаларыма ойыншықтар жеткізіп тастады. Ақшамен де көмектескендер болды. Ақтөбеден екі әйел хабарласты, бірінің есімі Маржан еді. Олар маған ақша салып жіберді. Қиын сәтте қол ұшын созған барлық азаматтарға аналық алғысымды айтамын", - дейді үйі өртенген әйел.

Сыйға берілген баспана су жаңа болмаса да бұрынғы өртенген үйден әлдеқайда жайлы. Мұнда жанға керектің бәрі бар.

"Бұрынғы қожайындары Ресейге көшуіне байланысты үйді сатыпты. Сатып алған екі жігіттің өтінішімен олар теледидар мен кір жуғыш машинаны маған қалдырды. Үйде барлық жағдай жасалған, тіпті, әрлеу жүргізудің қажеті жоқ. Қасиетті Рамазан айы басталған сәтте біздің өз үйіміз өртеніп кеткен болатын. Ораза айы біздің сабырымызды шыңдағандай. Алдымен құрбымның үйінде тұрдым, сосын әпкемнің үйіне бардым. Шынымды айтсам, кешеге дейін маған көмектесіп, үй әпереді деп ойламадым. Жеке өзім мұндай үйді ешқашан сатып ала алмас ем", - деп ағынан жарылды Эльмира Жасыбаева.

Қазір ол қоныс тойын тойлауға дайындалып жатыр. Көмектескен барлық адамды қуанышымен бөлісуге шақырмақшы.

Айта кетейік, Жасыбаевтардың баспанасы маусым айының басында түнде өртеніп кеткен болатын. Абырой болғанда, отбасы мүшелері толық аман, жанып жатқан үйден өрт сөндірушілер тек құжаттарды алып шығып үлгерген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары