Бірнеше айдан бері әлеуметтік желілерде әртүрлі наразылық тудырған заң жобасына байланысты бір топ әйел бүгін Министрліктер үйіне барды, деп хабарлады Азатық радиосы.
Олар "Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы" заңды түсіндіруді талап етіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет министрліктері ғимаратының алдына жиналған. Олар шенеуніктердің жауабына қанағаттанбағанын айтып, Парламентке беттеген.
Алайда әйелдердің алдын арнайы жасақ бөгеп, Парламентке барар жолды жапқан. Ақпарат құралының дерегіне қарағанда, ол жақта 50 шақты арнайы жасақ өкілі, бірнеше автобус тұрған.
Әйелдерді оқиға орнынан әкетпек болған полиция әрекетінен соң тәртіп сақшылары мен бірнеше әйел жұлқыласып қалды. Қалың жасақтың арасындағы ақжағалылары әйелдерді мәселені "Жанұя" орталығында талқылауға көндіріп бағуда. Бірақ әйелдер VI шақырылымдағы жаңа Мәжіліс депутаттарының шығуын талап етті.
Түстен кейін наразылармен сөйлесуге қалалық әкімдіктен ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабамұратов келді.
"Негізінен екі мәселеге наразы болып тұрсыздар ғой. Бірі - тұрғын үй жағдайы сәйкес келмесе, онда балаларды тартып алады-мыс деген жорамал. Заңда ондай талап жоқ. Бала белгілі бір жасқа келген кезде жынысына қатысты ой-пікірін айтады-мыс деген нәрсе де заңда қарастырылмаған. Ондай нәрсе жоқ", – деп еді, әйелдер "Ондай нәрсе бар!" деп айғайлап, шулап кетті.
Сонымен, әйелдердің біраз бөлігі тарқағанда, қалған бөлігі депутаттармен кездесеміз деп Министрліктер үйі маңында қалған.
Былтыр қыркүйекте Мәжіліс 49 баптан тұратын "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Ал Министрліктер үйіне келген наразы әйелдер заң жобасында бұлыңғыр ұғымдар көп екенін айтып, оны мақұлдаған және әзірлеген шенеуніктермен кездескісі келетінін жеткізді.
Отбасы құндылықтарына және ішкі мәселесіне қауіп-қатер төндіретін, "шикі" тұстары көп деп жиі сыналып жүрген құжатқа наразылар артып келеді. Заң жобасының толық мәтіні қолжетімсіз. Билік тарапынан жалпыхалықтық деңгейде ашық түсіндіру жұмыстары бастала қойған жоқ.