$ 494.87  520.65  4.91

«Баламнан айырылып қалсам не істеймін?»: елордадағы балалар ауруханасында шу шықты

Айтуынша, жағдайдан толықтай хабардар №3 балалар аураханасы басшысының орынбасары таңнан бері хирургты күту қажеттігін, мәселені шешуге тырысып жатқанын жеткізуде.
Фото: Қалалық №3 балалар жұқпалы аурулар ауруханасы
Фото: Қалалық №3 балалар жұқпалы аурулар ауруханасы

Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Ильинка елдімекенінің тұрғыны Ақлима Тұманованың 1 жас 3 айлық ұлы ауыр жағдайда қалалық №3 балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер екіжақты пневмония диагнозын қойып, 24 қаңтар күні кеудесінен сұйықтық алған.

Azattyq Rýhy редакциясына шағымданған жас ананың айтуынша, балаға көмек көрсетуге тиіс дәрігерді күтіп отырғанына жарты тәуліктен асқан.

«Сенбі күні балам ауырып, дене қызуы көтерілді, мазасы болмады. Содан үйге бір рет емес, екі рет жедел жәрдем шақырдым. Дәрігерлер екі ретте де баланың тісі шығып жатқан соң осылай мазасынданып жатқанын айтты. Жексенбіде ұлымның жағдайы тіптен нашарлап кеткеннен кейін №3 балалар ауруханасына келдік. Ұлымды тексерген дәрігерлер оның диагнозын айтпастан, ауруханаға жатқызу қажет екенін айтып, алып қалды. Үйге келгеннен кейін ғана қағазда жазылған диагноздан баламның екіжақты пневмония екенін білдім. Қазір ол реанимацияда ауыр жағдайда жатыр. Кеше Айқынның кеудесінен 185 мл сұйықтық, сары су алынған. Бір жақ кеудесі толығымен рентген бойынша жойылып кеткен. Сұйықтық тез толып кетуде. Бала сол үшін дұрыс демала алмай жатыр. Ұлыма тез арада хирургтың көмегі керек. Біз жатқан аурханада хирург жоқ. Кеше №2 емханадан хирург шақыртқан. Ал бүгін ол кісінің бізге келуге уақыты болмай жатыр. Дәрігердің жоқтығынан ұлым өліп кетсе қайтпекпін. Мұндағы дәрігерлер басқа амалымыз жоқ деп қарап отыр», - деді Ақлима Тұманова.

Айтуынша, жағдайдан толықтай хабардар №3 балалар аураханасы басшысының орынбасары таңнан бері хирургты күту қажеттігін, мәселені шешуге тырысып жатқанын жеткізуде.

«Дәрігердің орынбасары не себепті кеше келген хирургтың бүгін келе алмай жатқанын, ол болмаса неге орнына басқа дәрігер келмейтінін ашып айтпайды. «Іс-қағазға байланысты себептер бар, мәселені шешіп жатырмыз» дейді. Одан бері жарты күн өтті. Ұлым жасанды тыныс алу аппаратына қосулы. Дәрігерлер келемін дегенше баламнан айырылып қалсам не істеймін?! Еліміздің бас қаласында тұрып, әлі де шалғай ауылдардағыдай өмір сүріп жатқанымыз қалай? Жедел жәрдем дәрігерлерінің нақты диганоз қоя алмағаны анау. Онсызда тұңғыш балам ауру. Кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын», - деді Ақлима.

Аталған мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Баспасөз қызметінің ресми өкілінің мәліметінше, Айқын Ерболұлына дәрігерлер уақытылы көмек көрсеткен.

«Баланы анасы бір апта бойы ешқандай медициналық мекемеге апармаған, жедел жәрдем шақыртпаған. Яғни, баланы да осындай халге жеткізу ата-ананың  жауапкершілігінің төмендігінен де орын алып отыр.  Мұны әрине анасы да айтпайды.  Қазір бәріне дәрігерлер кінәлі болып отыр. Дәл бүгін дәрігер тапшылығына байланысты мәселелер болмады. Не себепті баланың анасы мұндай ақпарат беріп отырғанын білмедік. Дәл қазір Айқынның жағдайын консилиумдық кеңес қарап жатыр. Мүмкін балақайды №2 поликлиникаға бағыттайды.», - деді.

Ал, басқармадағылар екі рет дұрыс диагноз қоймаған жедел жәрдем дәрігерлерінің әрекетінен бейхабар болып шықты. Аталған мәселені енді естіп тұрғанын айтып, назарға алатындарын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары