Ескі үйде тұратын елорда тұрғындары коронавирустан емес, кәріздің иісінен ауру боламыз ба деп алаңдайды. Azattyq Rýhy тілшісі қаланың оң жағалауында орналасқан үйлердің жай-күйіне қатысты әкімдіктен жауап алды.
Өткен ғасырдың орта тұсында бой көтерген екі қабатты тұрғын үйлер әлі де баспана есебінде. Бірде құбыры, бірде жарығы істен шығатын үйлердің тұрғындары әбіргерге түсуден мезі болғанын айтады.
«2019 жылдан бері осы үйде тұрамыз. Кәрізі үнемі толып қалады. Өйткені, құбырлары шіріп жатыр. Соның иісін жұтуға мәжбүрміз. Кішкентай балаларымыз бар. Түнде әрең ұйықтаймыз. Бұл үй 1943 жылдан бері тұр. 2023 жылға дейін бұл үйлер сүрілуге кетпейді екен. Бұл не масқара?», - дейді Ақнұр Жаркенова есімді тұрғын.
Көктем мен күзде екінші қабат тұрғындары кәрізден бөлек, үйдің төбесінен тамшылайтын жауын мен қар суымен алысып әлек болады. Бөлме қабырғалары ылғалдан көгереді екен.
«Менің пәтерімінің төбесінен көктем мен күз сайын су ағады. Мен шелек қойып қоям. Онсыз болмайды. Мен тіпті видео түсіріп, оны Президентке жібердім. Бұл пәтерді жөндеуге де жарамайды. Шатырдың бәрі шіріген. Егер шатырға шығып, жөндеу жүргізетін болса, төбеміз құлайды. Біздің еліміз өзге мемлекеттерге жиі көмектесіп жатады. Бірақ неге біздің жағдаймызды жасамайды? Неге мына үйлерді сүруге жібермейді?», - дейді тұрғындардың бірі Сымбат Қанапиянова.
Сондай-ақ, тұрғындар үйінде табиғи газ баллонын пайдалануға мәжбүр. Өйткені тозығы жеткен электр сымы арқылы тоқ пештерін қосу мүмкін емес.
Мұндай үйлерді ескі болса да әлі сатылымға қоюға болады екен. Алайда тұрғындар қабырғасы жарылған, едені шіріген үш бөлмелі пәтердің құны жаңадан салынған бір бөлмелі баспана бағасына да жетпейтінін айтады.
«Әрине мұндай пәтерді сатуға болады. Мәселен Ресейге көшіп кеткен тұрғындар үйлерін 8 млн теңгеге сатты. Мен олай жасай алмаймын. Өйткені ол сомаға мен өзіме қажетті пәтер сатып ала алмаймын. Әрине 10 млн теңгеге бағаласам да болады, бірақ оны кім алады? Үй сонау 1947 жылы салынған», - дейді Эльмира Исмадилова.
Әкімдік бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында - Иманжүсіп Құтпанов пен Алтынемел көшелерінің қиылысында орналасқан ескі үйлерді сүруді жоспарлаған. Алайда жергілікті биліктің ұсынған жаңа пәтерлері кейбір тұрғындардың көңілінен шықпапты. Айтуынша, үш бөлмелі пәтердің орнына шағын отбасылық жатақханадан баспана берілмек болған. Осылайша тұрғындар тарапынан жаппай «келісім» болмағандықтан, бұл мәселе кейінге қалдырылған.
Azattyq Rýhy тілшісі тұрғындардың назын жергілікті әкімдікке жеткізді. Алайда, белгілі болғандай биыл елорда бойынша санаулы ғана үй сүрілуге жіберілмек.
«Жалпы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерге қатысты айтатын болсақ, биыл елорда бойынша төрт тұрғын үйді көшіру және сүру жоспарланған. Олардың үшеуі Сарыарқа ауданында орналасқан. Олар Құтпанов 32, Жангелдин 8/1 және Алтынемел 8 мекенжайлары бойынша орналасқан үйлер. Тұрғындардың қашан және қайда көшірілетіні жайлы алда хабарланады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының Сарыарқа ауданы инспекциясының бас маманы Еркебұлан Көшкінбай.
Ал қалған бірнеше үйлердің мәселесі сол күйінде апатты жағдайда қала бермек.