Елімізде жыл басынан бері 4 балалар үйі жабылған деп жазады Informburo.kz. Олардың үшеуі ШҚО-дағ біреуі Қарағандыда орналасқан. Ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды асырап алушы қазақстандықтардың саны күрт артып, жетімдер саны тиісінше азайып отыр дейді ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер.
"Мұндай оң өзгерістер мемлекеттің жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың отбасылы болуы үшін жасап жатқан қолдауының нәтижесінде орын алуда. Осы жұмыстар аясында балалардың жаңа отбасында тәрбиеленуінің бірнеше формасы әзірленді. Мәселен, отбасылар баланы толыққанды асырап ала алады, сондай-ақ, демалыс күндері ғана үйіне әкеп тәрбиелеуіне жағдай жасалған. Оны қонақ-отбасы деп атаймыз. Бұл қазақстандық отбасылардың жетім балаларды асырап алуына үлкен көмегін тигізді", - дейді ҚР БҒМ өкілдері.
Биыл қаңтар айынан бері қазақстандық отбасылардың тәрбиесіне ата-ана қамқорынсыз қалған 829 бала берілген. Олардың 420-сы өздерінің туған ата-анасына, яғни өз отбасына оралған. Ал, балалар үйінде әлі 7,5 мыңнан астам тәрбиеленуші қалып отыр. Бұл әрине үлкен көрсеткіш болғанымен, бұрынғы жылдардан қарағанда әлдеқайда аз.
Балаларды асырап алуға сонымен қатар жақында ғана іске қосылған Республикалық жетім балалар базасы септігін тигізген. Асырап алғысы келген ата-аналар бұрынғыдай бірнеше есікті тоздырмай, біраз шаруасын осы жерден бітіре алады.