Теміртаулық Жанна Бакенова бір аяғының жоғына қарамастан үйдің жөндеу жұмыстарын жасап, күнелтіп жүр, деп жазады aikyn.kz.
Ол аяғынан 2018 жылы айрылған. Міне, содан бері ұл-қызын өзі асырап келеді.
Айтуынша, бір аяғының болмағандығынан оны еш жер жұмысқа алмайды екен.
«Такси тұрағына диспетчер ретінде де жұмысқа алмады. Оның үстіне, бір балам сырқат. Ондай адам кімге керек», – дейді Жанна Бакенова.
Соған қарамастан Жанна тапсырыспен нәски, қолғап тоқиды екен. Арасында пәтер ішіндегі жөндеу жұмыстарын істейді.
Балалар үйінде өскен келіншек ауруханаға 2010 жылы түсіпті. Жаяу жүргінші жолағынан өте бергенде оны автобус қағып кеткен. Салдарынан бас-ми жарақатын алып, аяғы сынған. Ақырында 2018 жылы дәрігерлер бір аяғын кесіп тастаған.
Қазір ол ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді. Қолында 6 жасар ұлы мен 17 жастағы қызы бар. Қызы екеуіне алатын мүгедектік жәрдемақысы – 80 мың теңге. Олар сол ақшаға күн көріп отыр.
«Тоқыманы бірінші сыныптан бастап тоқимын. Соның арқасында арасында тиын-тебен тауып қаламыз. Бір қолғапты – 1500 теңге, нәскиді 1000 теңгеге сатамын. Тапқан табыстың басым бөлігі жіпке кетеді, түсетін пайда аз. Бағасын тағы көтере алмаймын. Әйтпесе, өтпей қалады ғой. Сондықтан аз-маз ақша жинап алуым керек. Тапсырыс берушілер көбейсе, өз ісімді ашып алар едім», – дейді ол.