Белгілі абайтанушы Омар Жәлел 8 наурыз күні Алматы қаласында болған феминист әйелдердің митингіге шығуы жайлы пікір білдірді. Оның сөзінше, ол осы уақытқа дейін Қазақстанда феминистре бар екендігін білмей келіпті. Бұл жайлы ол, «Қасқа жол» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сондай-ақ ғылымға ден қойған қыз балалардың бақытсыз болатыны жайлы сөз қозғады.
«Қыз балаға оқыма деп айтқан жоқпын. Егер адам тек қана ғылымды бірінші орынға қоятын болса, ғылым жолында кетсе, ғылым жолында бәрін құрбандыққа шалса, өзінің жеке басы бақытсыз боп қалады. Бұл біздің қоғам үшін өте зиянды.
«Қыздың мұраты» деген ұғым бар қазақта. Мұрат деген сөз – жаратылыс мақсаты. Егер ол жаратылыс мақсатынан айнымаса ғылыммен айналыссын, депутат болсын, академик болсын құба-құп. Егер сол жаратылыс мақсатын, мұратын құрбандыққа шалатын болса, біздің қоғам үшін зиянды. Ғабит Мүсіреповтың мынадай сөзі бар: «Ең жаман әйелдің қолынан дүниеге бала әкелу келеді» дейді. Ал «ең мықты еркек – сол жаман әйелдің істегенін істей алмайды» дейді. Бізге алыптарды дүниеге әкелетін әйелдер, аналар керек. Сол кезде біз өсеміз», - деді Омар Жәлел.
Мұнан бөлек, «тұрмыстық зорлық-зомбылық болмас үшін халықтың мәдениеті көтерілуі керек. Еркек қандай жағдайда да қатынның деңгейіне түспеуі керек. Қол көтеріп ешқандай проблема шешілмейді. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы айтады ғой. «Еркек әйелді өзінің интеллектісімен, парасатымен, мінезімен ғана бағындыра алады»деп. Өзінің биіктігімен.... Әйел соған ғашық болып, бағыну үшін еркек одан биік болу керек», - деп отбасындағы ер мен әйелдің болмысы, қарым-қатынасы жөнінде айта кетті.