Алдағы жылдан бастап жер дау туғызатын емес, жұмыс істейтін, жұртқа нәпақасын табуға мүмкіндік беретін факторға айналу керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Сарым Айдос тілдесу кезінде айтты, деп жазады Baq.kz.
Кеше Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін Жер реформасы бойынша комиссия бекітіліп, оған енген азаматтардың аты-жөні жарияланды.
Комиссия құрамында депутат Айдос Сарым да бар. Депутаттан осы комиссияның алдағы жұмыс барысы жайлы сұраған едік.
Сондай-ақ комиссия құрамында қоғамның әр саласының азаматтары, мемлекеттік органның, Парламенттің өкілдері және жер мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар мен кәсіпкерлердің, аймақ өкілдері бар. Айдос Сарымның айтуынша, комиссия алдында тұрған үлкен жұмыс, ол осы кезге дейін жер мәселесінде қандай проблема, ақау бар, шешілмеген түйіткілдер бар екенін анықтау және тамыз айына дейін бір шешімге келу.
Тағы оқи отырыңыз: Жер реформасы бойынша комиссия құрамы бекітілді
«Басты мәселені Президенттің өзі айқындап берді, жер шетелдіктерге жалға берілмейді, сатылмайды деп ашық айтты. Бұл туралы заң аса шұғыл деген белгімен Парламентке келіп түсті. Біз оны қарастырып жатырмыз, жақын арада оны қабылдап, Сенатқа жібереміз. Ал, қалған мәселелер осы комиссияның ішінде айқындалады, оның барлығы жұрттың көзінше талқыланады. Егер ол мәселені шешу үшін заң қажет болса, заң жобасын дайындау, егер үкіметтің немесе жергілікті органдардың шешімі керек болса соларды дайындап, жазға дейін Жер мәселесі бойынша кешенді шешімді қабылдау керек. Алдағы жылдан бастап жер дау туғызатын емес, жұмыс істейтін, жұртқа нәпақасын табуға мүмкіндік беретін ұлттық мүддені, ұлттық қауіпсіздікті ескеретін факторға айналдыру деген мәселе бар. Жаңадан құрылған комиссия осы бағытта жұмыс істейді», - дейді депутат.
Сонымен қатар ол жер мәселесіне қатысты дақпырттың, шудың уақыты өткенін айтады.
«Қоғам ішінде дақпырт та көп. Осыларға тосқауыл қоятын кез келген сияқты. Ауызбен орақ орғандай емес, нақты жұмыс істеу керек. Жер мәселесіне шын жаны ашыған адам ол тек сөйлей беру ғана емес, керісінше осы жұмысқа болысып, өз ұсынысын білдіргені әлдеқайда тиімді», -дейді Айдос Сарым