2020 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттердің 2,3 мыңға жуық азаматы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жалпы сомасы 588,3 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер алды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат портал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен бірдей шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайына және ана болуына байланысты әлеуметтік сақтандыруға, өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыруға, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыруға жататынын білдіреді. Тиісінше, жұмыс берушілер жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес олар үшін сақтандыру жарналарын төлеуге міндетті.
Осылайша, жұмыс берушілер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бейрезидент жеке тұлғаларымен жасалған еңбек шарттарының негізінде осы жұмыскерлердің еңбекақысын төлеу қорының 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдарды төлеуге тиіс.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері Қазақстан Республикасының Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ретінде қызметкердің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының және (немесе) тұрақты тұруының болуына қарамастан, МӘСҚ-тан жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты төлемдер алуға өтініш жасауға құқылы.
2020 жылы МӘСҚ-тан көрсетілген әлеуметтік төлемді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 266 азаматы жалпы сомасы 162,4 млн теңгеге алды, бұл 2019 жылғы 134 млн. теңгеге қарағанда 21%-ға артық, ал алушылар саны 13%-ға артты (2019 жылы – 235 адам).
Сонымен қатар, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын қандастар МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді алу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.
2020 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден шыққан әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар МӘСҚ-тан мынадай әлеуметтік төлемдер алды:
- еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша – 244 адам, жалпы сомасы 72 млн теңге;
- асыраушысынан айырылу бойынша – 204 адам, жалпы сомасы 57,5 млн теңге;
- жұмысынан айырылу бойынша – 220 адам, жалпы сомасы 28,7 млн теңге;
- 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша – 1 352 адам, жалпы сомасы 267,7 млн теңге.
Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы (бұдан әрі – ХЗӘҚҚ) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2018 жылғы 20 ақпанда қол қойылған болатын.
Меморандум шеңберінде әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде ЕАЭО және ХЗӘҚҚ-ға мүше мемлекеттердегі азаматтарды әлеуметтік сақтандыру тәртібі айқындалған.
МӘСҚ 2009 жылдан бастап ХЗӘҚҚ мүшесі болып табылады.