$ 445.66  474.58  4.78

Қазақстандық полицейлер қар құрсауында қалғандарға көмектесті

Айта кетейік, жергілікті полицейлер құтқарушылардың қызметін қатар атқарады.
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Ақпан мен наурызда ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның тас жолдарында біршама көлік жолда қалған еді. Сондай жағдайда төтенше жағдай қызметкерлері ғана емес тәртіп сақшылары сол қатарға шығып, бір кісідей көмек көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қостанайлық қаһармандар

Арасында ақ түтек боранда жаяу жүріп, бір топ адамның өмірін аман алып қалғандар да болды. Соның бірі қостанайлық – Болат Иманов. Полицей әріптестерімен бірге қар құрсауында қалғандарды құтқаруға шыққан. Кейіннен қардың ортасында отырған фотосы әлеуметтік желіде тарап кетті.ол жерде полицей үсті-басы қар болып, көлік жүргізіп отыр. Тәртіп сақшылары қаладан 25 шақырым жерде жолдан шығып кеткен көлікке көмекке барған. Содан кейін көлікті ең жақын ауылға сүйреп апарған. Өзі басшылық қызмет атқаратынына қарамастан Иманов қоластындағыларды қиын-қыстау күні жалғыз жібермеген. Осылайша, азаматтарға көмек көрсету шарасын өзі бастап барған.

Полицейдің айтуынша, олар 12 шақырымды сегіз сағат жүріп өткен. Ол жерде сегіз полицей болған. Жүргізуші жақтағы терезе ашық тұрған. Ал көліктің жанында полиция қызметкері көлік терезесінен ұстап, жүгіріп жүрген. Себебі жолды қар басып, барлығы опат болуы қауіпі болған. Сол сәтте полицей жаяу жүгіріп, көліктің жолдан шығып кетпеуін бақылаған.

Айта кетейік, жергілікті полицейлер құтқарушылардың қызметін қатар атқарады. Қауіп төніп тұрған жағдай, азаматтардың төтенше жағдайға тап болғаны туралы хабар түссе, төтенше жағдай департаментіне хабарламастан, өздері көмекке барады. Олардың көмек көрсетуге барлық қажетті жабдығы бар.

Жолда қалғандарға көмектесті

Мұндай жағдай наурыздың басында Шығыс Қазақстан облысында болды. Ол кезде патрульдік полиция емес, ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ОВ-156/6 мекемесінің қызметкерлері автокөлік жүргізушілері мен жергілікті тұрғындарға қардан шығуға көмектескен еді.

Қос қызметкер өтіп бара жатқанда кюветке түсіп кеткен бірнеше автокөлікті көрген. Олар егде жастағы кісілердің көлікті өз бетінше шығаруға тырысып жатқанын байқайды. Содан кейін полицейлер кептелген көлікті сүйреп, қар ішінен шығарды. Ол кезде де жолдар жабылып, жолда не болып жатқанын байқау мүмкін болмаған. Жолаушылар полиция қызметкерлеріне жағдайға бей-жай қарамай көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

Дәл осындай жағдай Түркістан облысында наурыздың ортасында болды. Полицейлер жолда қалып қойған ауыр жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті. Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғабит Нұрсейітов Самара-Шымкент магистралды тас жолында кюветке шығып келе жатқан үлкен жүк көлігін байқаған. Қызметкер тоқтап, жүргізушіге өз көмегін ұсынды. Басқа жүк көлігінің көмегімен полиция қызметкерлері жүргізушілермен бірге үлкен жүкті кюветтен жолға шығарды. Тіркеп сүйреу кезінде тәртіп сақшылары жол учаскесінде қозғалыс қауіпсіздігін де қамтамасыз етті. Ақаулықтарды жойғаннан кейін жүк көлігінің жүргізушісі өз жолын қауіпсіз жалғастыра алды. Жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Тәртіп сақшылары қылмыстарды ашып қана қоймай, қиын жағдайда да көмек қолын созып, адам өмірін құтқарып қалады. Ауа райының қолайсыздығы Ақмола облысында жиі болып тұрады, соған байланысты жолдарында бірнеше құтқару жұмыстары жүргізілді. Соның бірқатарына шолу жасасақ, 4 наурызда "Атбасар – Шуйское" автокөлік жолында Атбасар ауданы полиция бөлімінің ЖПҚҚБ учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны қар құрсауында қалған автокөліктердің жүргізушілеріне көмек көрсетті. 

Тағы бір эвакуация "Көкшетау Атбасар" автожолының 157-ші шақырымында жүргізілді. Мұнда жүк көлігінің жүргізушісі қар құрсауына түсіп, көлігі тоқтап қалды. Ер адамды Атбасар ауданы полиция бөлімінің жап жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері полиция лейтенанттары эвакуациялады. 

Ал 5 наурызда "Атбасар – Астраханка" автокөлік жолында шекарасында Белоруссиядан, Ресейден және Қазақстанның басқа қалаларынан келе жатқан 7-8 жүк автомашинасы шоқыда қатты боранның салдарынан жүріп өте алмай, автокөлік колоннасының қозғалысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қар қалың болып жол көрінбей қалған. Автотиегіш жүргізушілерге көмекке Атбасар ауданының полиция бөлімінің ЖПҚБ учаскелік полиция келген, ол "Таң Агро" ЖШС-нен К-700 тракторын айдап, оның көмегімен қарды тазалап, автокөлік қозғалысы қалпына келтірді. Ішінде Қостанайдан Нұр-Сұлтан қаласына бара жатқан ауыр жүк көліктерінің бірі сынып қалды. Бұл көлік ауылға жеткізілді. Полиция азаматтың көлігін жөндеуге көмектесті. 

Капитоновка ауылында 4 наурызда учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Рүстем Құсайынов патрульдік көлікте жүкті әйелді перзентханаға уақытында жеткізді. 21 жастағы тұрғын полиция қызметкеріне алғыс айтты. Ал полиция майоры бұл әркімнің қарапайым парызы деп санайды. Перзентханаға келгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін қыз дүниеге келді. Анасы мен баласы өзін жақсы сезінеді. 

5 наурызда сағат 10:00-де Ақмола облысы полиция департаменті ӨКП бірінші взводының қызметкерлері Ерейментау қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына дейін 158 автокөліктен тұратын колоннаны алып жүрді. Ілесіп жүретін көліктер арасында 40 жеңіл автокөлік және 118 жүк көлігі бар. Полиция қызметкерлері 152 көлікті, оның ішінде 215 жүргізуші мен жолаушыны эвакуациялады.

Шетел азаматына көмек берді
Наурыздың ортасында Түркия азаматы қостанайлық полицейлерге жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Қамысты ауданында полицейлер қар құрсауында қалған көлікті жолға шығарған. "DAF" және "Mercedes" маркалы екі жүк көлігінің жүргізушілері хабарласты, олар Адаевка ауылының маңындағы А-22 автожолында ауа райының қолайсыздығына байланысты кюветте қалып қойған. 

Учаскелік полиция инспекторы Қамысты "Қазақавтожол" ЖШС басшылары және "Содружество-98" ЖШС басшыларынан көмек сұрады. Кәсіпорын басшылығы қажетті арнайы техниканы ұсынып, көліктерді шығарып алған.. Бірлескен күш-жігердің арқасында ауыр жүк көліктері кюветтен шығарылды, түрік жүк көліктері өз жолдарын аман-есен жалғастырды. Түркия азаматы Қостанай облысы ПД бастығының атына хат жазып, учаскелік полиция инспекторына ризашылығын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары