Кореядағы қандастарымыздың құқықтары қорғалмаған. Тіпті, кейбір отандастарымыз ауру мен жарақаттан сол жақта қайтыс болуда. Өйткені, олардың медициналық және әлеуметтік көмек алуға мүмкіндіктері жоқ деп жазады bugin.kz
Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев азаматтарымыздың бұл елде заңды еңбек етуіне рұқсат берілуін тез арада шешуді сұрап, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Оның айтуынша, бүгінде Кореямен 15 мемлекет еңбек миграциясын реттеген. Соның ішінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да бар. Екіжақты келісімшарттың негізінде Е-9 уақытша еңбек визасын алып, сол арқылы заңды жұмыс істеуге болады екен.
Жалпы, біздің жақтан барған мигранттардың саны 12 мың адамға жеткен (бұл - тек ресми статистика). Олардың көбі - 20-35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастар.
Мәселенің тезірек шешілуін сыртқы істер министрлігі қолға алып,отандастарымыздың қауіпсіз жерде жұмыс істесе екен деп тілейміз!