Дәрігерлер науқастың терең күйік шалған жерлеріне тері трансплантациясын жасады. Бағжан Шымкент университетінің бірінші курс студенті. 2 ақпанында бензин канистрі жарылып, салдарынан ауыр жарақат алған. Дененің 85%-ын күйік шалған. Жедел жәрдем бригадасы оны № 4 ҚКА қабылдау бөліміне жеткізді. Жарақаттың сипатын, жалпы жағдайының ауырлығын ескере отырып, қабылдау бөлмесіне тоқталмай, науқас реанимация бөліміне жатқызылды.
№4 ҚКА дәрігерлері жас жігіттің өмірі үшін екі ай бойы күресті, деп хабарлады inbusiness.kz. «Сол күні бір өрт ошағынан біздің клиникаға 9 адам келіп түсті, барлығы ауруханаға жатқызылды. 8 науқасты біз емдеудің 15-күнінде шығардық. Бағжанның жағдайы олардың арасында ең ауыры болды, біз оны екі ай емдедік», - деп айтып берді Алматы қаласының №4 Қалалық клиникалық ауруханасының күйікті емдеу бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Биқоңыров.
Науқас 12 күн бойы тәжірибелі реаниматологтардың бақылауында болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін мамандандырылған бейінді көмек бөліміне ауыстырылды. Науқастың терең күйік шалған жерлері де болған, дәрігерлерге аутодермопластика жасауға тура келді, яғни тері трансплантациясын, донорлық аймақтан сау кесінділерді қол мен арқаның жараларына ауыстырып отырғызды. Операция сәтті өтті.
«Тексеру кезінде күйік жаралары бас, бет, мойын, аяқ-қолдарда болды. Күйіктің жалпы ауданы денесінің 85%-ын құрады. Диагнозы - аралас жарақат. Атмосфералық жарақат. Бастың, беттің, мойынның, дененің, аяқ-қолдың S=85 %(15%)/ I-II-IIIа-ІІІб дәрежелі термиялық күйігі. Жоғарғы тыныс жолдарының орташа дәрежелі күйігі. II-III дәрежелі шок сатысындағы күйік», - деп айтып берді №4 ҚКА күйікті емдеуші дәрігер Елдос Әлменов.