$ 447.4  477.55  4.76

Шымкентте далада қалған көпбалалы ана баспаналы болды

Шымкентте үйсіз қалған көпбалалы ананың өмірі бір күнде өзгеріп шыға келді. Жергілікті БАҚ өкілдері арқылы жомарт жандардан көмек сұраған Гүлжахан Байзахованың енді басында баспанасы және уақытша болса да жұмысы бар деп жазады Otyrar.kz.

Бес баланы жалғыз асырап отырған Гүлжаһан осыдан бірнеше күн бұрын далада қалған еді. Кенжесі туылғанда оны күйеуі де тастап кеткен. Жығылғанға жұдырық дегендей көпбалалы ананың құжаттарын ол жалдап тұратын үйдің иесі алып қойыпты, төленбеген қарызы үшін. Соңғы сәтке дейін ол басқа түскен қиындықтарды жалғыз жеңемін деп үміттенсе керек, бірақ үміті ақталмады. Жағдайы ауырлай түскенде Гүлжаһан билікке емес, молдаға барып көмек сұрапты. Имам болса әйелді жетектеп, телеарнаның кеңсесіне алып келген.

Қазір Гүлжаһан "Отырар" телеарнасының тілшісі Гүлжан Байназарова жалдап берген бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Қайырымды жандар азық-түлік пен киім-кешегін әліге дейін тасуда. Жеке есепшотына қаражат жиналып, Гүлжаһан қарыздарын да қайтарған, бұрынғы пәтер иесі құжаттарын қайтарып беріпті.

Заңға сәйкес, көпбалалы анаға мемлекет тарапынан жәрдемақылар берілуі керек екен. Қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімінің мамандары бұл мәселені бес күнде шешіп беруге уәде беріп отыр. Ал, Ордабасы ауданының білім бөлімі Гүлжаһанның төрт баласын киіндіріп, мектеп құралдарымен жабдықтады.

Жергілікті кәсіпкерлердің бірі жалғыз басты анаға үй салып беруге дайын екенін айтуда. Тек билік өкілдері ол үшін жер бөлсе болды. Гүлжаһанның өзі болса балабақшаға жұмысқа тұрғалы жатыр. Кішкентай қызын да сонда орналастырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары