$ 445.66  474.58  4.78

Оңтүстікқазақстандық шаруалар дизельдік отыннан тапшылық көрмейді

Шымкенттегі жанар-жағар май құю бекеттерінде дизель отыны тапшы. Алайда, облыс атқамінерлері өңір шаруалары сұйық отыннан таршылық көрмейді деп уәде беріп отыр.

Қазір көлік жүргізушілері көліктерін қаңтарып қойып, сұйық отын іздеуге мәжбүр. Ал «дизелі» бар бекеттердің өзі өнімді тек талонмен ғана беруде.

«Шымкенттен Сарыағашқа жұмыспен барған болатынбыз. Бірақ қайтарда сұйық отын таусылып, бірнеше бекетке соқтық. Жоқ екен. Барының өзі талон болмаса бермейміз деді. Қаланың шетіне іліккеннен кейін де солярка іздеп кеттік. Осылайша уақытымыздың біразын жоғалтып алдық», - дейді автобус жолаушысы Марат Сәдуақасұлы.

«Жақында бұл мәселе оң шешімін табады, ал егін орағы қызған шақта шаруалар бұл мәселеден қиындық көрмейді» дейді облыс атқамінерлері.

Өйткені шілде айына бөлінген 13 мың тонна жанар-жағармайдың 3,2 мың тоннасы үлестіріліп берілген. Ал қалған 8, 3 мың тоннасы барлық ауадандағы қоймаларға жеткізіліпті. Кез келген шаруа ауыл, аудан әкімдігіне барып, талон алып, қажетті отынға қол жеткізе алады.

«Биыл астық жинау науқанын жүргізу үшін Үкіметтен 39 мың тонна жанар-жағармай бөлінген болатын. Оның 13 мың тоннасы шілде айына бөлінсе, 12 мың тоннасы тамыз айы үшін қарастырылған. Ал 14 мың тонна сұйық отын қыркүйек айында тарқатылады. Қазір шаруалар жаңадан қалыптасқан жүйе бойынша жанар-жағармай алуда. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы, жанар-жағармай қауымдастығы және облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп мониторинг жүргізіп жатырмыз. Егер қандай да бір олқылық анықталса, біз арнайы құрылған жұмысшы тобы арқылы тиісті шаралар қабылдайтын боламыз», - дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Арзандатылған жанар-жағармай облыстағы 56 бекетте таратылуда. Шаруа сұйық отынды қоймадан алса 83 теңгеден, бекеттен алса 85 теңгеден сатылуда. Ал нарықтағы бағасы – 99 теңге.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары