$ 448.15  483.46  4.86

«Мәдени мұра» бағдарламасының түбіне жемқорлық жетті» - Ғарифолла Есім

Әбсаттар қажы Дербісәлі «Мәдени мұра» бағдарламасы ғылымға қаржыны  бір қолымен беріп, екінші қолымен қайтып ұрлап алған жоба болды деп есептейді.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

 Халықаралық мәдениет күні. Әлемде бұл күн 1935 жылдың 15 сәуірінен бері атап өтіледі. Бірнеше мыңжылдықтар бұрын қалыптасқан мәдениет адамзатты өркениетке жетеледі. Қазақстанның да өзіне тән қайталанбас ерекше мәдени мұрасы бар.

Қазақстанның мәдени мұра жобасы — елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған мемлекеттік бағдарлама, стратегиялық ұлттық жоба. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді көздейді.

Жобаны жүзеге асыру 2004 жылы басталған болатын және екі жылға есептелген. Кейін тағы екі кезеңге созылды. Оның аясында ғалымдар 2007 жылдан 2009 жылға дейін және 2009 жылдан 2011 жылға дейін жұмыс істеді.

Azattyq Rýhy осы ауқымды бағдарлама өз миссиясын қалай атқарды деген мәселе төңірегінде елге белгілі академик ғалымдармен тілдесті. «Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстан тарихындағы теңдессіз бастама еді, бірақ ол қазақ халқының ұлттық рухани байлығын әлемге паш ете алды ма?

Қазақстан ғылым академиясының академигі, философ, абайтанушы Ғарифолла Есім «Мәдени мұра» керемет мемлекеттік жоба болды. Мобилдік қозғалыс туғызды. Біршама істер атқарылды. Оның ішінде жақсы істер де болды. Содан кейін «мәдени мұраға» бір пысықайлар кіріп кетіп, ақша табудың көзіне айналдырып жіберді. Сол жерде біз шұңқырға түстік. Әйтпесе жап-жақсы жоба, адал азаматтарға аудармамен, зерттеулермен толық шұғылдануға мүмкіндік берілгенде, бұл бастама бізді біраз жерге апарып тастаушы еді», деген өкінішін білдірді.  

«Негізінен жақсы істер атқарылды. Бірақ әттеген-ай деп қалдық. Мәдени мұра өзінің алдына қойған мақсатын толық орындады деп айта алмаймын. Орындауымыз керек еді. Мүмкіндік мол еді, мемлекет те қолдап тұр еді ғой. Бірақ орындаушылар, әр жердегі адамдардың қолдары жыбырлап, коррупцияға айналдырып, ақшаны өздері пайдаланып кетті. Енді оны біреу тексерді ме, олар жазаланды ма? Ол жағын білмеймін. Бірақ өз салама қатысты осындай жемқорлыққа жол берілгенін айта аламын. Мен философия және мәдениет бойынша ғылыммен айналыстым.

Жалпы бұл бағдарламаның идеясына көңіліміз толады. Сол идеяны ұсынғандардың бірі - мен. Бұл тоқтамайтын үздіксіз процесс еді. Оны дұрыстап жолға қойып, бір мекемеге жүктеу қажет. Айта кету керек, бағдарламаға ақша көп бөлінді. Шетелге іс сапарлар, мұраларды іздеу, аудару, сатып алу дегеннің бәріне жететін қаражат берілді. Сол ақша нағыз зерттеушілерге жетпей жолдан желкесі қиылды. Жалпы мәдени мұраны алдағы уақытта жалғастыру керек»,- дейді Ғарифолла Есім.

Шығыстанушы, дінтанушы ғалым, Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы Дербісәлі «Мәдени мұра» бағдарламасы ғылымға қаржыны  бір қолымен беріп, екінші қолымен қайтып ұрлап алған жоба болды деп есептейді. Ол да Ғарифолла Есім сияқты бағдарламаның түбіне жемқорлық жетті деген пікір айтты. Шығыс ғұламаларын зерттеуге қаражат бөлінді, бірақ оны игеруге емес қазақ ғылымына шындап жанашырлықпен қарағанда, алға жылжып кетер едік, деген өкінішін жасырмайды. 

«Өкінішке орай, осы бағдарлама тоқтамай, ары қаарй жалғасуын бәріміз қалап едік. Өйткені біздің мәдениетіміздің тарихының, әдебиетіміздің тарихының ашылмай жатқан жақтары өте көп. Мысалы ертеде Қазақ КСР тарихы деген бес томдық шықты, соның ішінде тек екі бетінде ғана Қожа Ахмет Яссауи, Әбу Насыр Әл-Фараби туралы дерек бар. Ал енді менің осы мәдени мұра аясындағы зерттеулерім, сосын соңғы 20 жылда жүргізген зерттеулеріме қарасаңыз, тек қана Отырардан 32 ғалым шыққанын көрсетіп отыр. Соның ішінде біздің қазақтың тарихында айтылатыны Әл-Фараби ғана. Ал енді онда небір астроном ғалымдар болған.

Сосын мына Түркістаннан шықан қаншама Түркістани деп бітетін, Сайрамнан шыққан Сайрами деп бітетін ғалымдар, сосын Саурани, Баласағұни деген неше түрлі ғалымдарымызды осы мәдени мұра арқылы елге әкелетін едік. Мысалы Мұхаммед Хайдар Дулати деген ғалым өзінің «Тарихи Рашиди» деген кітабында мынадай ғажап нәрсе жазған: «Мен Баласағұн деген қаладан шыққан ғалымдардың Самарқаннан шыққан ғалымдардан да көп екенін көріп таң қалдым» дейді. Міне осының бәрін зерттеу керек емес пе?! Қазақстан тәуелсіз болды, осының бәрін ұрпаққа қайтаруымыз керек еді.  Осы ретте рухани мұра үлкен рөл атқарады деп ойладық, бірақ тоқтап қалды»,- дейді ғалым.

Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, коррупция деген індет осы ғылымға да араласты. Нағыз ғалымдардың жобалары емес, оған атүсті қарайтын жобалар көптеп өтіп кетеді. Ғылымда осындай масқаралық болып жатыр. «Мұхаммед Хайдари деген өз алдына тарих, оны зерттеуге қанша уақыт жұмсадым. Ол Кашемирде жатыр. Оның «Жаханнама» деген шығармасын Берлиннен таптым, сосын Қашқари қаласына арнайы барып, тағы бір нұсқасын таптым. Екеуін салыстыра отырып, бір нұсқасын жасап, 2007 жылы үлкен еңбек болып шықты. Бірақ осылардың барлығы бағаланбайды да, айтылмайды да» деп реншіні білдірді қажы.

«Қазір ғылымның да бағасы, беделі түсіп кетті ғой. Елде былтыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өттік, бірақ оның қаншама еңбегі зерттелмей сол күйі жатыр. Оның 200-ге жуық шығармасы болса, соның қазақ ғалымдары оншақтысын ғана біледі. Оның өзі Кеңес дәуірінде ғана жазылды, ал тәуелсіздік жылдары бұған ешкім беттеген жоқ. Қазір «Әбу Насыр Әл-Фараби қазақстандық ғалымдардың зерттеуінде деген жинақ құрастырып жатырмын.

Енді осы айтып отырған мәдени мұра саласындағы коррупция бойынша осыдан 3-4 жыл бұрын үлкен айғай-шу болды. Комитет төрағасы жұмыстан кетті. Мен ғылымға қайтадан оралғалы бері Ғылым комитетінің 5 төрағасы және 5 министр ауысты. Осыдан соң оңамыз ба?! Ғылымға төленетін қаржы да мардымсыз, мен мысалы 120 мың теңге аламын. Амал жоқ, ғылымда жүрген соң, тастап кете алмайсың. Бабаларды зерттеу, халыққа қайтару біздің міндетіміз болған соң қимаймыз»,- дейді шығыстанушы ғалым.

Айта кетейік, «Мәдени мұра» бағдарламасының бірінші сатысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген, ал екінші сатысына 4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Кейбір деректерде   2004-2011 жылдары аталған бағдарламаға 11 млрд 332 млн  теңге жұмсалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары