$ 494.87  520.65  4.91

Бос ұранның уақыты өтті

Ел Президенті айтқандай бізде бір ғана ұран болу керек, ол – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат».
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Осы сәтте «30 жыл – аз уақыт та, көп уақыт та емес» деген жаттанды сөзді тағы бір қайталағым келіп отыр. Себебі, расында да солай. 

Бір анығы еліміз 30 жыл бойы дамудың даңғыл жолына түсу үшін барын салып келеді. Үш ондықтың белесіне шығып тұрып бір сәт өткен күндерге көз жүгіртіп қарар болсақ, мақтанатын да, марқаятын да сәттер мен жетістіктер аз емес. Ал болашаққа қарап тұрып әлі де болса еңбектенудің, дамудың, ізденудің қажет екенін ұққандай боламыз, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біздің мемлекет саясаттың сан қырымен айналысып келеді. Ешкімнің көңілін қалдырмайды, ешкімге қарсы пікір білдірмейді, ешкімнің сұраған қолын қайтармайды. Бір саясаткердің: «Мемлекетімінің болашағы үшін сайтанмен де одақтас болуға дайынмын» деген сөз бар еді ғой. Біздің  жүйе де сол ұстанымда секілді көрінеді. Кейде бәрін сатып жібергендей, еліміз егемендігінен әне-міне айырылып қалатындай сөздер айтылады.

Алайда, ел билігі оған жол бермесі анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел ойында жүрген сан сұрақтарға жауап бере отырып жан-жақты түсіндіріп жазды. Тіпті, көпшілік бұл мақаланы жәй ғана мақала деп емес, болашаққа жасалған бағдарлама ретінде қабылдады. Президент аталған мақаласында тәуелсіздігіміздің 30 жылдағы бағындырған бересі мен алға қойылған бағдар туралы жазды. Ол бөлімді өзі «Бағдар мен белес» деп атады. 

«Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», деді Президент.

Өз елін жан-тәнімен сүйетін әрбір азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Әлбетте, бұл ой ел Президентін бірнеше есе көбірек толғандырары сөзсіз. 

Президент мақаласында егемендігтің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырады. Әрі әрбір онжылдықтың арқалаған жүгі ғасырға жүгіне парапар екендігін айтады.

«Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік.

Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік», деп жазды Президент өзінің мақаласында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы төртінші онжылдықта қуатты елдің иесі және кемел халық болуды, бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажет екендігін де айтты.

Президенттің бұл мақаласын «болашаққа жасалған бағдарлама» деп айтса айтқандай-ақ. Себебі Мемлекет басшысы бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан жағдайды айта отырып, оның шешілу жолдарын да көрсетіп береді. Бұл мақалада қамтылмай қалған ел мүддесі жоқтың қасы. Тарих, әдебиет, мәдениет, өнер, білім, экономика, халық пен билік арасындағы диалог, ел болашағы бәрі-бәрі қамтылған. 

«Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету», дейді Президент. 

Расында да, «Партия қайда болса, жеңіс сонда», «Ура, коммунизм» деп бос айқайлап ұрандау Кеңес заманымен бірге келмеске кетті. Қазір сөздің емес, істің дәуірі туды. Ел естігеніне емес, көргеніне сенетін болды. Ел Президенті айтқандай бізде бір ғана ұран болу керек, ол – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары