Алматы облысында балаларды көлік қағып кету оқиғасы бойынша ісі сотқа жолданды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан алкогольдік масаң күйде көлік құралын жүргізу) сотқа дейінгі тергеу басталды, аталған баппен ең жоғарғы жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - делінген хабарламада.
Автокөлік құралының жүргізушісі қамауға алынды, барлық қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалық зерттеулер жүргізіліп, тергеу процесстік мерзімде аяқталды. 28 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы айыптау актісімен қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жолдады.
Еске салсақ, ағымдағы жылдың 2 наурызында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аумағында 54 жастағы жүргізуші мас күйінде 8-9 жастағы 4 оқушыны қағып кетті. Кейін, алған жарақаттардан екеуі қайтыс болды. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында 4 оқушы қызды қаққан мас жүргізушіге қатысты тергеуді өз бақылауына алды.