29.04.2021, 16:00

Түркістан облысындағы түрмеде алты адам денелерін тілді

фото: Orda.kz.
Ол сотталғандар кісі өлтіру, қарақшылық және есірткі саудасы үшін жазасын өтеп жатқанын айтты.

Түркістан облысында қатаң қауіпсіздік режимдегі колонияда алты сотталған азамат наразылық ретінде денелерін тілді. Оған тінту жұмыстарын жүргізу және ішкі тәртіпті сақтаумен келіспеушілік себеп болды.

Ақпарат көзі Информбюро сайты, деп хабарлайды Orda.kz.

Колониядағы тінтуді Ұлттық ұлан мен өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ прокуратура өкілдері мен облыстық ҚАЖД басшылығы жүргізді. Тінту кезінде пайдалануға тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді.

— Қатаң ұстау жағдайларында жазасын өтеп жатқан бірнеше сотталған адамдар әдепсіз сөздер айтып, ҚАЖД қызметкерлерінің заңды талаптарына наразылықтарын білдірді. Наразылық белгісі ретінде өздеріне қасақана дене жарақатын салды. Оларға дереу колония қызметкерлері медициналық көмек көрсетті. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді, – деп түсіндірді Түркістан облысы бойынша ҚАЖД бастығы Абдранбаев Талғат.

Ол сотталғандар кісі өлтіру, қарақшылық және есірткі саудасы үшін жазасын өтеп жатқанын айтты. Сонымен қатар олардың мекеме әкімшілігінің заңды әрекеттерін дұрыс қабылдамайтындығы, түзету жолына түскісі келмейтіндігі айтылды.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді, факт тіркелді, қызметтік тергеу жүргізілуде.

ИЧ-167/9 түзету мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған 485 адам бар.