$ 494.87  520.65  4.91

100 пайыз өкпесі ауыратын әйел өмірге сау нәресте әкелді

Дәрігерлердің айтуынша медицина қызметкерлері екі ай бойы реанимация бөлімінде науқастың өмірі үшін күрескен.
фото: Stan.kz
фото: Stan.kz

Нұр-Сұлтанда өкпесі 100 пайыз зақымданған коронавируспен ауыратын әйел сау қызды өмірге әкелді, деп хабарлайды Stan.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Айнагүл Оразбекова 16 наурызда №2 қалалық көпбейінді аурухананың реанимация бөліміне өте ауыр жағдайда екі жақты вирустық пневмониямен және өкпенің 100% зақымдануымен шұғыл түрде түсті.

Дәрігерлердің айтуынша медицина қызметкерлері екі ай бойы реанимация бөлімінде науқастың өмірі үшін күрескен.

Босану кезінде де әйел өте ауыр халде болған. Оған коронавирус және ауыр дәрежелі екі жақты вирустық пневмония диагнозы қойылды.

Ауыр жағдайына қарамастан науқас салмағы 4000 г болатын сау қыз баланы дүниеге әкелді.

"Босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті: сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмады, интоксикация синдромы өзгеріссіз қалды. Консилиумдар бірнеше рет жүргізілді, нәтижесінде пациент ЭКМО-ға қосылды (экстракорпоралды мембраналық оксигенация). 20 күн бойы оксигенация және гемодиафильтрация жүргізілді", - деді шұғыл Кардиология және кардиохирургия орталығының басшысы Сейіл Мұхаметқалиев.

Науқас оттегі терапиясына қосылғанына қарамастан десатурациясы өзгермеген. Консилиумның шешімімен ӨЖЖ аппаратына ауыстырылды.

"Дәрігерлер мен медбикелер екі ай бойы науқасты емдеп, бақылап, күтім жасады. Көп ұзамай тоқтаусыз жұмыс нәтижесін бере бастады. 50 тәуліктен кейін пациент реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Аурухана мамандарының топтасып жұмыс істеуінің арқасында науқастың жағдайы жақсарды, гемодинамикасы тұрақтанды. Ең бастысы өз бетінше тыныс ала алатын күйге жетті", — деп атап өтті инфекциялық блоктың меңгерушісі Гүлнұр Әшірбекова.

"Біз Айнагүлге туған жақынымыздай алаңдадық. Ол кісінің күйеуінің бізге толық сенім артып, жақсылықтан үміттенгені бізге қосымша күш берді", — дейді емдеуші дәрігер, пульмонолог Гүлжан Байырбекова.

Төтенше режимде жұмыс істеуге дағдыланған аурухананың жоғары білікті мамандары бірден екі адамның өмірін, яғни науқас пен жаңа туған нәрестені аман алып қалды.

"Дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің, инфекциялық блоктың барлық қызметкеріне алғысымды білдіремін. Алдарыңызда басымды иемін. Көрсетілген көмектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін көп рахмет. Алғыс айтқаннан басқа ешнәрсе айта алмаймын, тек ризашылығымды білдіремін. Сәбиімді тезірек қолыма алғым келіп отыр", - деді Айнагүл Оразбекова.

Айта кетейік, бұл — Айнагүлдің үшінші баласы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары