Батыс Қазақстан облысында қызметкер өзі жұмыс жасайтын мектептен 12 ноутбук жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Оралға қарасты Зачаган кентіндегі мектептердің бірінде болды.
Ұры компьютерлік сыныпқа еркін кіріп, 12 ноутбукты үптеп кеткен.
«Қабылданған іс-шаралар барысында 30 жастағы күдікті ұсталды. Оның сол мектептің қызметкері екендігі анықталды. Қызметкер өз мектебіне 1,799 млн теңге залал келтірген. Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «вакцинадан полицей қайтыс болды» деп жалған ақпарат таратқан аудиожазба авторы ұсталғанын жазған болатынбыз.