Полицияға ерікті түрде қару тапсырған павлодарлықтарға ақша төленеді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 2021 жылдың 20 сәуірінде басталған тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды халықтан сатып алу акциясы жалғасып жатыр.
"Бүгінгі таңда облыстың 88 тұрғыны алты миллион теңгеден астам сомаға 104 қаруды полицияға өз еркімен әкелді. Халық 96 тегіс ұңғылы мылтықты, сондай-ақ сегіз ұзын ұңғылы ойық қаруды, бір жарылғыш құрылғыны және 16 мыңнан астам ойық қару-жарақтың оқ-дәрісін тапсырды", – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаров.
Мәселен, оның айтуынша, 13 мамырда Павлодар солтүстік полиция бөліміне қала тұрғыны 5,6 мм калибрлі "ТОЗ" маркалы мылтығын өз еркімен ақылы негізде тапсырды.
"Әлеуметтік желілерден мемлекет халықтан қару алып жатқанын біліп, мылтықтарды полицияға өз еркімен әкелуге шешім қабылдады. Мылтыққа баллистикалық зерттеу тағайындалды. Нәтижесінде ер адам 100 мың теңгеден астам төлем алады", – деді Таңатаров.
Тәртіп сақшылары халықтан заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясына мемлекет сегіз миллион теңгеден астам қаражат бөлгенін атап өтті. Полиция тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды. Кейіннен тіркелмеген қаруды алып жүру және сақтау фактілері анықталған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылады.