$ 443.35  475.54  4.82

Елбасы 10 сотық жердің кімге берілетінін айтты

Елбасының бастамасымен әзірленген "Нұрлы жол" бағдарламасын әлі еңсеріп бітпеген үкіметке енді "Нұрлы жер" деген жаңа бағдарламаны да қоса жүзеге асыру керек болады. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды.

Аталған бағдарлама аясында қазақстандықтарға 10 сотық жер телімінен берілуі тиіс. Бірақ, берілместен бұрын ол жерге инфрақұрылым тартылатын болады.

"Біз тұрғындарға 10 сотық жер телімінен береміз деп айттық, өйткені халық талап ете бастады. Айдалаға барып үй салсаңыздар не болады? Не жол жоқ, не жарық пен су жоқ. Сондықтан, жерді бұлай үлестіре беруге болмайды. Алдымен инфрақұрылым тарту керек. Қаражатты инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дайындауға жұмсаймыз. Яғни, жеке үй салушылардың шығындары азаятын болады. Құрылыс шығынының 30 пайызын біз өзімізге аламыз, рахмет айтсын сол үшін", - деді Елбасы үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Назарбаевтың пікірінше, тұрғындарға жер телімдерін беру арқылы елдегі өршіп тұрған тұрғын үй мәселесін шешуге болады.

"Біз бұл проблеманы шешуге жаңа екпін береміз. Қазір қазақстандықтардың баспана мәселесін шешу кешенді жұмыстарды қажет етеді. Сондықтан, мен Үкіметке "Нұрлы жер" тқрғын үй біріңғай бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Жер телімдері Қазақстанның барлық азаматына берілмейді. Тек жұмысқа қабілетті, несие қарызын ай сайын өтей алатын тұрғындар ғана бұл бағдарламадан үміттене алады.

"Бірден басын ашып алайын, қазір тегін дегенді ұмыту керек Түсініңіздер, тегін ақша, тегін несие деген болмайды. Баспанаға тек жұмыс істеп, ақша таба алатындар ғана үміт арта алады", - деп сөзін түйді Н.Назарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары