$ 511.22  540.05  4.73

Ақтөбеде ата-анасыз тұрып жатқан 6 балаға әкімдік көмектесуге уәде берді

Ақтөбедегі саяжайлардың біріндегі құрылысы жартылай біткен үйде ата-анасыз тұрып жатқан алты бала туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Отбасының отағасы инсульт алып ауруханаға түскелі бері апалы-сіңлі бес қыз бен үйдің кенжесі - 7 айлық ұл бала 5 күннен бері өз күндерін өздері көріп жатыр. Жағдайдан хабардар болған әкімдік қызметкерлері оларға материалдық көмек беруге уәде етті деп жазады Tengrinews.kz. Жасөспірімдер ісі мен оларды қорғау бойынша құрылған комиссияның хатшысы Ботагөз Бисенованың айтуынша, балалар оңалту орталығына жіберілмейді.

42 жастағы Бақыт Шыныбеков өткен аптаның жұмасында жүрек ауруымен ауруханаға түсіп қалған. Алайда, отбасындағы жағдайға байланысты емдомын толық қабылдамай, өз еркімен ауруханадан ерте шығып кетіпті. Әкімдіктегілердің айтуынша, отағасы бұған дейін көмек сұрап ешқашан құзырлы мекемелерге бармаған екен.

"Қыздары мектептен қалған емес, үлгерімдері жасы. Бірі 5-ші, екіншісі 2-ші сыныпта оқиды. Класс жетекшілері ол қыздардың үнемі ұқыпты екенін, киімге мұқтаждықтары болмағанын айтып отыр. Материалдық көмек сұрап та көрмеген екен. Сол себепті оларға бұған дейін билік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген. Педиатр-дәрігер ғана балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын білген, бірақ не полицияға, не құзырлы мекемелерге айтпаған", - дейді Бисенова.

Балалардың анасының Таразға кетіп қалғанын әкімдіктегілер де растап отыр. Ал, кеше ғана дүниеге келген 7 айлық нәрестені үйдің үлкен қыздары бағып-қағуда.

"Көршілерінің айтуынша, аналары өте сирек келеді екен. Бірақ, ақша салып тұрады. Әкелері қазір жұмыс істемейді, алайда, бұған дейін жеке такси жүргізіп ақша тапқан. Үйдің құрылысын толық аяқтап алу үшін ол көлігін сатып жіберіпті. Кеше еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімінің мамандары бұл үйде болып, жағдайларымен танысты. Отағасына жұмыс табуға көмектесетін болады", - деді әкімдік қызметкері.

Оның айтуынша, балалар жасөспірімдерді оңалту орталығына орналастырылмайды.

"Біз балаларды әкесінде қалдырдық. Өйткені, оларды алатын болсақ жас ерекшеліктеріне қарай бөліп тастауға тура келеді. Бізде олардың бәрін бірге қабылдайтын мекеме жоқ. Оңалту орталығында 4 жастан 18 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды ғана қабылдайды. Ал, төртке толмаған сәбилерді балалар үйіне өткізу керек. Бір отбасының бұлай бөліп тастай алмаймыз. Әкелері алкогольдік ішімдік ішпейді. Ол ауруханаға түсіп қалған, яғни себебі бар. Сондықтан, біз балаларды алып қоймаймыз, оларды күніге мамандар келіп қадағалап отырады. Сондай-ақ, үйде құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін көршілері де қарасуға келісіп отыр", - деді Ботагөз Бисенова. Ол сондай-ақ, үйдегі кішкентай балаларды бескүндік балабақшаға тегін орналастырып беруді де отағасына ұсынған екен. Бірақ, ол бұл көмектен бас тартыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары