15.06.2021, 12:00

«Бөлінген 400 млн қайда?»: Павлодарда сусыз қалған тұрғындар шу шығарды

фото: azattyq-ruhy.kz
Айтуларынша, Айнакөл ауылына су жинайтын мұнара салынбаған.

Павлодар облысындағы Айнакөл ауылын сумен қамтуға үш жыл бұрын 400 млн теңге қаражат бөлінген. Бірақ бұқара қомақты қаржының шапағатын әлі күнге көре алмай жүргенін айтып, жанайқайын жеткізді. Суға жарымай отырғандар қаражаттың қайда жұмсалғанын өз күштерімен тексеріп те көрген деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Суды кестемен беретіндіктен, оны тіршіліктеріне жеткізе алмай отырғандарын айтқан ауыл тұрғындары мәселенің шешілгенін қалайды. Күнде таңертең ыдыстарды суға толырып алу үшін ерте тұратын Хамидолла Баязитов есімді ауыл тұрғыны күндіз үш сағатқа су берілгенімен, бір шелек су алудың өзі оңайға соқпайтынын айтып отыр. Себебі қысым жоқ, сыздықтап аққан су елдің тағатын тауысқан. "Май айынан бастап, суға жарымаймыз. Мына көрші ауылмен қырғи қабақ, жанжал. Олар бізді кесіп тастады. 3-4 күн су болмады осында. Елге 400 млн ақша бөлініп тұрып, біз соның игілігін көрмей отырмыз. Сол ақша қайда кетті?", - дейді Айнакөл ауылының тұрғыны Хамидолла Баязитов. Бұқара қомақты қаражаттың қайда кеткенін білмей отыр.

Айтуларынша, Айнакөл ауылына су жинайтын мұнара салынбаған. Су құбырын көрші тұрған Ленин кентіне қосыпты. Екі ауылға бір ғана су жинау құрылғысы орнатылған, ондағы су соратын насостардың шамасы жетпейді дейді ауыл тұрғындары.

"Су жоқ, қиналып кеттік. Ауылда өңкей қарт кісілер мен көпбалалы отбасылар тұрамыз. Кейде шәйға су таппай қаламыз. Жуыну, кір жуу дегенді ұмыттық. Ішудің өзіне әзер су тауып отырмыз. Су болмай қалса, ішетін суды дүкеннен сатып аламыз. Жағдайымыз өте қиын. Ешкім біздің мәселемізге құлақ асып жатқан жоқ", - дейді өзге тұрғын Татьяна Шабанова.

Телеарнаның хабарлауынша, ыстықта сусыз отырған 1600-ден астам тұрғын , қомақты қаражаттың қайда кеткенін білу үшін тексеріс жүргізген. Тұрғындар өзара бастамашыл топ құрып, заңгер жалдап, бірқатар былықтың да бетін ашқандарын айтып отыр екен. "Біз бастамашыл топ өкілдері аудит басқармасының бастығына бардық. Ол құжаттарды көтеріп, бізге көрсетті. Ол құжатта біздің ауылға су жинатын мұнара орнатылған деп жазылған. Ал шын мәнінде ешқандай мұнара жоқ. Бізді көрші тұрған Ленин ауылына қосып қойған. Бірақ, тек біздің ауылға су тарту үшін 400 млн бөлінген. Бірақ, бөлінген қаражаттың қайда кеткенін білмейміз. Ешкім ол ақшаның қайда жұмсалғаны туралы ашып айтпай отыр", - дейді ауыл тұрғыны Альфия Айдарханова. Жергілікті шенділер болса, үнемделген қаржы су құбырын тарту барысында бүлінген жолдарды қалпына келтіруге жұмсалғанын алға тартып отыр.

Ал жобаның неліктен өзгертілгеніне шенеуніктер жауап бере алмаған екен. "Бізде суды ауылға жіберетін насосттық станса бар да, су тазартатын құрылғы жоқ. Биыл Ақсу қаласының құрылыс бөлімі қайтадан су тазартатын насостық станса салу бойынша жоба әзірледі. Жобалау жұмысына 3 млн 400 мың теңге бөлінді. Бұнымен "Қазмемжоба" ЖШС айналысып жатыр. Осы айда қоғамдық тыңдау өткіземіз. Содан кейін жоба мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Жоба ауылды толық сумен қамтуға бағытталған", - дейді Алғабас ауылдық округінің әкімі Амангелді Рүстемов.

Су құбырының құрылысына тағы 175 млн теңге бөлінбек. Шенділер қомақты қаражат түгел ауылды қысы-жазы сумен қамтиды деп сендіруде. Бірақ, құрылыстың қашан басталып, қашан аяқталары да белгісіз. Сондықтан, айнакөлдіктердің биыл да жазды сусыз өткізетін түрі бар. Ал шыдамы таусылған тұрғындар енді президенттен көмек сұрап хат жазбақ.