Депутат Еділ Жаңбыршин жем-шөп тапшылығынан малы қырылып, жылқысы тұралап жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы жұт туралы айтып, елімізде мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі жұмыстың жоққа тән екенін жеткізді. Сондай-ақ вице-премьер Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады деп жазды azattyq-ruhy.kz.
«ХХІ ғасырда ғарышты игеріп, Аустралия мен Канадан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят!», - деді депутат.
Еділ Жаңбыршин Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында төрт түлік мал ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындардың қиын жағдайға тап болғанын, су тапшылығы мен қуаңшылық салдарынан жайылымдық жерлердің күйі қашқанын айтты.
«Тиісінше, бұл жағдай мал шығынына әкелді. Былтыр Маңғыстауда 4883 мал басы өлсе, биыл бірінші тоқсан қортындысы бойынша 1332 бас мал өлген. Бұл тек тіркелген мәлімет. Қызылорда облысында да 481 бас мал қырылды.
Маңғыстауда шөп пен арпаның бағасы аспандап кетті. Бағаны көтеріп отырған - делдалдар. Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды? Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз?», - деді Еділ Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаты жұт жайлаған нақты аймақтарда төтенше жағдай жариялауды сұрап, бірнеше ұсыныс айтты.
Қалыптасқан жағдайларға байланысты жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жарияланып, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмектер көрсетілуі тиіс;
Зардап шегіп жатқан аудандарға мал азығын жеткізу үшін көрші облыстардан тасымалданатын мал азығының жол шығындарын субсидиялап, тиісті әкімшілік-басқару шараларын іске асыру қажет;
Қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге басқа облыстардан тез арада мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша пайдалануға беру;
Мұндай жағдай алдағы уақытта орын алу ықтималдығын ескеріп, мал шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға жедел көмек көрсету, сақтандыру, аймақ аралық қатынастарды жүйелеудің нақты, кешенді механизмдері мен алгоритмдерін жасақтауы тиіс.