Осыдан бірнеше күн бұрын Арал қаласының тұрғыны редакциямызға хабарласып, биыл мектеп табалдырығын аттаған немересіне оқулықтардың берлімгенін айтып арызданған еді. Кейуана "күнімізді әрең көрсек те амал жоқ, балаға кітап сатып әперіп отырмыз" деп мұңын шаққан болатын. Белгілі болғандай, мектепалды даярлық сыныптарына арналған қосымша оқулықтар тек аралдық оқушыларға емес, жалпы еліміздегі мектептердің ешбіріне берілмейді екен. Бұл туралы Қызылорда облысы Білім басқармасының мамандары мәлімдеп отыр.
Басқарма мамандарының мәліметінше, облыс аумағындағы мектептердің 1-11 сынып оқушылары 100 пайыз кітаппен қамтылған екен.
«Ағымдағы оқу жылында 1-11 сыныптар аралығындағы оқушылар оқулықпен түгел қамтылды. Алайда оқу жылының басында балалар санының артуына байланысты кейбір мектептерде оның ішінде Арал ауданы мен Қызылорда қаласында оқулықтың ішінара жетіспейтіндігі анықталды. Оқу жылының аяғында балалар саны мен қажетті оқулық есебі шығарылған. Дегенмен, 1-ші сынып оқушыларының, 7-ші сынып оқушыларының және басқа да сынып оқушыларының қозғалысы есебінен олардың саны күрт артқан. Осы себептен оқулықтар жетіспеушілігі туындады. Бүгінгі күні оны мектепаралық, мектептер бойынша кітапханааралық байланыстар орнатылып, кейбір оқушысы аз мектептерден артық оқулықтар қажетті жерлерге алынып беріліп толықтырылды.
Арал ауданындағы №62 мектеп-лицейінде 2015-2016 оқу жылында оқушы саны 878 болса, 2016-2017 оқу жылында оқушы саны 941 құрап, 63 оқушыға өсім бар. Жалпы 1-11 сынып оқушылары толық оқулықпен қамтылған. Мектепке 2016-2017 оқу жылына 4192 дана 1-ші және 8-ші сыныптар үшін барлық пән, 4-ші сынып үшін ағылшын тілі, 9-шы сынып үшін «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендері алынып берілген.
Ал, мектепалды даярлық сыныптарына баратын оқушыларға арналған қосымша дидактикалық материалдарды алу бұрыннан ата-аналардың есебінен жүргізіледі», - делінген білім басқармасының біздің порталға берген ресми жауабында.